
Аудан әкімі Әлия Биғазықызы қатысуымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөнінде комиссия отырысы өткізілді.
Жиналыс барысында аудан әкімінің орынбасары Дархан Абдрашитов және Төтенше жағдайлар бөлім басшысы Бахтияр Катчеков Теректі ауданы су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстары жөнінде баяндама жасады.
Отырыс аясында қар шығару жұмыстарын, ассенизатормен су шығару бойынша келісімшарт жасалғанын және су тасқыны кезеңіне техника тарту бойынша мемлекеттік сатып алулар өткізіп, келісімшарттар жүргізіліп жатқаны жөнінде жеткізілді. Сонымен қатар кәсіпкерлік субъектілермен техника, азық-түлік, жататын орындар қызметін ұсыну бойынша меморандум жасалғаны, су тасқынына қарсы бірнеше эшелоннан тұратын бригадалар ұйымдастырылғаны туралы айтылды. Баяндамашылар су өткізу құбырлары орнатылған және орнатылатын аймақтар жөнінде,өзге де техникалар жайында мәлімет берді. Қазіргі уақытта барлық су қоймалары транзиттік режимге көшірілгені хабарланып, кейбір тіркемелі мотопомпалардың дайындығы жөнінде ескертпелер талқыланды.
Жиналыс соңында бірнеше округ әкімдеріне құбырларды қардан тазалап, жағдайды бақылауға алу, айтылған ескертулер жөнінде жедел арада қамданып, қауіпсіздік шараларын алдын ала ұйымдастыру тапсырылды.