
ЕРЛІК.АБЫРОЙ.ҚҰРМЕТ
Бүгін аудандық мәдениет үйінде Кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылғанына 37 жыл және тәжік-ауған ұрыс-қимылдарының аяқталғанына 25 жыл толуына орай «Тарихтан тағылым, ерліктен - өнеге» атты ауған соғысы және тәжік-ауған қақтығысының ардагерлерімен кездесу кеші өтті.
Аталған шарада аудан әкімі орынбасары Темірболат Сағынгереев және аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Қазиев бой көрсетті. Темірболат Мұхитұлы сөз кезегін ала отырып, тәжік –ауған ұрыс-қимылдарының ардагері Мәлік Султановты ҚР Қорғаныс министрлігінің «Арнайы жасақтағы қызметі үшін» медалімен марапаттады. Басқосуда қаза болған жауынгерлерге құрмет көрсетіп, еске алу мақсатында 1 минут үнсіздік жарияланды.
Жүздесу сәтінде «Контингент» ауған соғысы ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ауған соғысының ардагері Аязбек Киндербаев пен БҚО тәжік-ауған соғысы ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Алишер Ашурматовқа сөз кезегі берілді.
Сондай-ақ кездесу барысында 1993-2001 жыл аралығы Қазақстан әскерінің тәжік-ауған шекарасынан шығарылғанына 25 жыл толуына орай арнайы марапаты және алғыс хаты ұйымдастырушылық танытқан белсенді үлесі үшін Теректі аудандық ішкі саясат бөлім басшысы Жандос Сұңғатовқа табысталса, Теректі ауданының орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Айгүл Қаирова мен аудандық мәдени-демалыс орталығының әдіскері Виктория Нуралиева алғыс хатқа ие болды.
Аудандық кітапхана ұжымының «Жастығын жалын шарпығандар» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, жергілікті өнерпаздар ардагерлерге арнап өнер көрсетіп, №1 Федоров ЖОББМ оқушылары өлең оқыды. Сонымен қатар жиналушылар назарына өткен мен бүгінді жаңа форматта көрсете білген бейнеролик ұсынылды.
Сұхбат барысында ардагерлер өз естеліктерімен бөлісіп, жас буынға бейбітшілік пен тәуелсіздіктің, ел алдындағы әскери борышты өтеудің маңызын жеткізіп, сондай-ақ қазір «білек сынасатын емес, білім сынасатын заман» екенін де атап өтті.