
Тоқсан жылдық тарихы бар төл басылым – «Теректі жаңалығы – Теректинская новь» газетінің мерейтойына жан-жақтан қонақтар келіп, мерейімізді асырды. Мерейтойдың басты құндылығы да осында еді. Баспасөз саласын асқан шеберлікпен зерттеп жүрген тарихшылар, өлкетанушылар мен журналистер Теректінің төрінен табылды.
Аудандық мұражайдан бастау алған іс-шара Достық үйіндегі конференцияға ұласты. Конференцияда республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің меншікті тілшісі Қазбек Құттымұратұлы мен өлкетанушы Айболат Шамұратұлы осы кезге дейін жүргізген зерттеу еңбектерін тыңдарманға ұсынды.
Достық үйіндегі дөңгелек үстелде аудан әкімі Әлия Биғазықызы сөз сөйлеп, жиналған қауымға алғысын білдіріп, аудандық басылымды 90 жылдық мерейтойымен құттықтады. Аудандық мәслихат төрағасы Әлжан Жақсыгерейұлы сөз алып, аудан тарихынан сыр шертті. Жалпы айтқанда, конференцияның тыңдарманға берері мол болды.
Одан кейін аудандық мәдени-демалыс орталығының фойесінде 90 жылдық тарихы бар аудандық газеттің өткені мен бүгінінен сыр шертетін көрме ұйымдастырылды. Келген қонақтар мен жиналған қауым көрмені тамашалап, естелік қолтаңбасын қалдырды.
Тоқсан жыл бойы халық пен биліктің ортасында алтын көпір болып келе жатқан басылымның мерейтойы концерттік бағдарламамен жалғасын тапты. Салтанатты жиында аудан әкімі Әлия Мұханбетжанова бір топ ардагер журналисті марапаттады. Сондай-ақ «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының орынбасары Нұрлыбек Рахманов газетте тынымсыз еңбек етіп жүрген бір топ қызметкерге бас директордың алғысхаты мен сыйлығын табыстады.
Іс-шарада Батыс Қазақстан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің басшысы Әділет Орынбасар жүрекжарды тілегін жеткізіп, аудандық редакция ұжымына облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің алғысхатын ұсынды.
90 жылдық мерейтойдың концерттік бағдарламасына көрермен көптеп жиналып, зал лық толды. Аудандық көркемөнерпаздар өнер көрсетіп, халық ықыласына бөленді.