Подстепный қазақ жалпы орта білім беретін мектебінің бастауыш сынып оқушыларын кезекші сынып топтарына дайындау жұмысы талапқа сай ұйымдастырылды.
Ата-аналардың өтініші бойынша 380 оқушы кезекші сыныпқа қамтылды. Олар 3 қабатты мектепте 2 кезеңге бөлініп білім алуда.
Дәліздерге сыныптарға бағытты көрсететін түрлі түсті қағаздардан жолақтар қойылды. Сыныптардағы бағыттағыш сызықтар бойымен оқушылар белгілі бағытпен кіріп шығады. Оқушылардың оқу үстелдері 1 метр қашықтықта орналастырылды. Әр партаның тұсына отыруға рұқсат етілген және тыйым салынған белгілер қойылды. Сынып бөлмелерінде қолды жууға арналған арнайы құралдар: сұйық сабын, қағаз сулық, антисептик бар. Олардың қолдану ережесі мен сызбасы да анық көрсетілген. Екі сабақтан соң, сынып бөлмелері жуылып, тазартылады. Сабақ соңында желдетіп, кварцталады. Оқушылар әрбір екінші сабақтан кейін қолдарын мұқият жуып, залалсыздандырады.
Үзілісте оқушыларға арақашықтықты сақтау мақсатында еденге 1,5 метрден түрлі түсті жолақша қарындаштар жапсырылды. Мектепке кірер есіктен ата-аналарға арналған ара қашықтықты сақтауды ескертетін қызыл жолақшалы белгі жапсырылды. Ата–аналарға балаларын осы жолақшаға дейін әкеліп, сол жерден күтіп алатындығы, мектепке үнемі бетпердемен келу керектігі айтылды.
Оқушылардың дене температураларын өлшеу үшін өлшеуіш құралы мектепке кіре берісте арнайы үстелге қойылды. Штаттық режимге байланысты медициналық оқшаулау бөлмесі жасақталды. Кезекші сыныптарда бастауыш сынып оқушыларын оқыту үшін сынып бөлмелері талапқа сай жабдықталды.
Мектебіміздің медбикесі С.А.Мамышева барлық қызметкерлер мен білім алушылардың дене температурасын өлшеп, қолдарына антисептик пайдаланып, аяқ киімдерін ауыстыруын қадағалайды. Мектеп әкімшілігі тарапынан кезекшілік ұйымдастырылды.