Дихан қауым жаппай жерге кетпен салған көктем кезеңінде теректіліктердің жақсы бастамасы – ұжымдық көкөніс-бақша салу жайында жазған болатынбыз.
Бірінен бірі кем қалмай, ұжым болып жер жыртып, дақыл тіккен ағайын күзде сол еңбегінің жемісін татты.
Мысалы, Ақсоғымның іргесінде орналасқан Қарасу көлі жағасына ауылдағы 12 отбасы бірігіп, 1 гектар жерге көкөніс, картоп отырғызды. Іргелес жатқан шағатайлықтар аса түсіп, ұжымға жиналған 51 отбасы 2 гектар жерге картоп салған. Ақжайық ауылында орманшылар 1 гектарға, әкім аппараты қызметкерлері 0,7 га жерге бақша салыпты.
Көлемі жағынан ірі Подстепное округінде ұжымдасқан халық 8 га жерді игерген. Аудан орталығындағы ұжымдар тіптен, 14,5 га жерге бақша салған. Ұзынкөлдіктер 3 га жерге картоп салса, новопавловтық «ұжымдастар» 3,5 га жерге картоп пен көкөніс өз алдына, қауын-қарбыз да тіккен көрінеді.
Жалпы, аудан бойынша 46,55 га жерге ұжымдық бақша салынған.
Су жағалай жатқан ауылдарда шығым жаман болмаған сыңайлы. «Балапанды күзде санайды» деген. Ұжымдық бақша салғандардың санап алары бар.
Жиын-терін аяғында есептеп келгенде, 18,1 га алқапқа салған картофельден 242,5 тонна өнім алынған. 21,75 га жерге тігілген көкөністен 133,8 ц/га шығымдылықпен 291 тонна қияр-қызанақ сияқты дәруменді өнім алынған. 6,7 га жерге салынған бақшалық дақылдардан 90,4 тонна түсім бар.
«Күтімді егін бітімді» демекші, жаздай кетпен арқалап, жақын жатқан су басындағы бақшасын айналдырған «ұжымдастар» өзара бөлісіп, қыстық азығын жинақтап алды. Бақшаны жинай сала, алдағы жылды да ойлаған олар «келесі жылы алқапты молынан игерейік» деседі. Биылғы жылы ауылдастарының тамыр тартып, тарықпай жинағанын көзбен көргендер ішінде «келесі жылы ұжымдық бақша салуға мені де алыңдаршы» деушілер бар көрінеді.
Биыл 1 га жерге ұжымдық бақша салған ақсоғымдықтар алдағы көктемге деп 3 га жерді жыртып, дайындап алуды жоспарлап отыр. Федоров ауылдық округі тұрғындарының бақшасына Шөптікөл тоғаны жағасынан 6 га жер жыртылған, дайын тұр. Ақсуат және Новопавловка округтерінде осы мақсатқа 3 гектардан, Богдановка, Приречное, Долин округтерінің әрқайсында 4 гектардан жер жыртылған. Жалпы, қай округте болмасын, «ұжымдық бақшаға» бөлінген жер көлемі кеңейгені анық көрінеді. Биыл аудан бойынша 46,55 гектарға салынған ұжымдық бау-бақшалар келер жылы 53 гектарға салынады екен. Осы жақсы бастамаға қатысушылар саны да артады деген ойдамыз.