"Саламатты Қазақстан" медициналық пойызы Теректі ауданына келді

"Саламатты Қазақстан" медициналық пойызы Теректі ауданына келді

2025 жылдың маусым айынан бастап "Саламатты Қазақстан" медициналық пойызы Батыс Қазақстан облысында жұмысын бастады. Пойыз ұжымы Шыңғырлау, Тасқала аудандары мен Бәйтерек ауданының 6 теміржол станциясының жанында тұратын шалғай ауыл тұрғындарына кәсіби көмек көрсетті.

 

Бүгін, 9 шілдеде пойыз Теректі ауданына келді. Аудан тұрғындарына Жайық және Алғабас станцияларында 4 күн бойы қызмет көрсетеді.

 

"Саламатты Қазақстан" медициналық пойызы Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның, "Самұрық-Қазына" АҚ компаниялар тобы мен Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің атынан "Samruk-Kazyna Trust" қорының серіктестігі арқасында елімізде табысты іске асырылуда.

 

Медициналық пойыз ұжымын, дәстүр бойынша, жергілікті билік органдары мен ауыл халқы жылы ықыласпен қарсы алды. Аудан халқының атынан пойыз ұжымына Теректі ауданы әкімінің м.а. Д.С.Гумаров ризашылығын білдіріп, жұмыстарына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, салтанатты қарсы алу шарасына облыс әкімі аппаратының бас инспекторы, Батыс Қазақстан облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Т.В.Рогозина, аудандық аурухананың директорының м.а. С.Ж.Сағидуллин, облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары, Батыс Қазақстан облысы әкімі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның мүшесі Г.Б.Шөкеева, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Ғ.Қазиев және басқалар қатысты.

 

Пойыздың аға дәрігері А.Ж. Саханова ауыл тұрғындарына "Мобильді ұжымның" жұмыс механизмін мұқият түсіндіріп, пациенттерді қабылдайтын, сондай-ақ үйде қызмет көрсету үшін шығатын дәрігерлер бригадалары жұмысын бастап кетті.

 

Пойыз медиаторы Ш.А.Шалғазина: «Жұмыс барысында медицина қызметкерлерімен қатар, ауыл тұрғындарына еңбек дауларын шешуге, әлеуметтік төлемдер алуға өтінім беруге, қолданыстағы заңнама нормаларының қолданылуын түсіндіруге және басқа да азаматтық мәселелер бойынша заңгер мен медиатор кеңес береді»,- деп түсіндіріп өтті.

 

"Біз пойыздың барлық қызметкерлеріне, дәрігерлерге, медиаторларға, заңгерлерге - олардың кәсібилігі, қамқорлығы мен зейіні үшін алғыс айтамыз. Сіздердің игі істеріңізге сәттілік тілейміз", - деп Теректі ауданының тұрғыны, ақсақал З.С.Сәлімгереев ризашылығын білдірді.

 

Жайық станциясындағы жұмыс 9-10 шілде, ал Алғабас станциясында 11-12 шілдеде өтеді. Жұмыс режимі сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін.

 

Ағымдағы жылдың 12 шілдесінде кешке "Саламатты Қазақстан" медициналық пойызы Батыс Қазақстан облысының аумағынан кетеді.