Той өтті Тасқалада дүркіреген

Той өтті Тасқалада дүркіреген

Қазақ елінің батыс қақпасы саналатын Тасқала ауданының 90 жылдық мерейтойына арналған мерекелік шара қыркүйектің 16 жұлдызында өтті. Бұл күні дала қызықтарын тамашалауға еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін жиналды.
Салтанатты шараға осы ауданда қызмет еткен біраз тұлғалар, аудан тұрғындары мен қонақтар қатысты. Шара аудан көркемөнерпаздарының театрландырылған көрінісімен ашылды.
Салтанатты жиында облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Хаберұлы мен аудан әкімі Бауыржан Айтмағамбетов сөз алып, аудан жұртшылығын айтулы мерекемен құттықтады.
Одан кейін ауданның дамуына саналы ғұмырын арнаған, ел үшін аянбай еңбек еткен бірнеше азаматтарға «Тасқала ауданының құрметті азаматы» атағы беріліп, «Тасқала ауданының құрмет грамотасы», «Тасқала ауданының құрылғанына 90 жыл» мерейтойлық төсбелгілерімен марапатталды.
Сондай-ақ, мерейлі тойға көршілес жатқан Бәйтерек және Казталов аудандарынан да қонақтар келіп, тасқалалықтарды айтулы мерекемен құттықтады.
Салтанатты шара, мәдениет майталманы төсбелгісінің иегері Хайретдин Сұлтангереевтің орындауындағы Ғайса-Ғали Сейтақтың сөзіне жазылған, тасқалалықтардың әнұранына айналған композитор Донеділ Қажымовтың «Тасқала» әнімен аяқталды.
Салтанатты ашылу шарасы дала қызықтарымен жалғасын тапты. Дала қызықтары қазақ күресінен Батыс Қазақстан облысының ашық турнирінен бастау алды. Торқалы тойға орай түйе палуанға жеңіл автокөлік тігілді.
Жеңістен дәмелі Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Абай, Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарынан келген палуандар боз кілемде өз бақтарын сынады. Жарыс қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысы мен Абай облысынан келген палуандар финалдық бәсекеде өзара сынға түсіп, автокөлікті Батыс Қазақстан облысының палуаны Темірлан Көлбай қанжығасына байлады.
Одан соң, дала қызықтары төрт дистанция бойынша ат бәйгесімен жалғасты. Шын жүйріктер тай, құнан, топ және аламан бәйгеде бақ сынасты. Бәйгені «Сырым елі» аудандық газетінің редакторы, белгілі айтыскер ақын Бауыржан Шимерденұлы жүргізді. Еңселі Ешкітаудың етегінде шашасына шаң жұқпаған кіл жүйріктер өзара сынға түскен жарыстың жүлде қоры да салмақты болды. Аламаннан бірінші келген сәйгүлікке автокөлік тігілді. Бұл сайысқа еліміздің әр аймағынан келген шабандоздар қатысты.
Тай бәйгесі бойынша жүлделі I орынды Атырау облысының Сағыз ауданынан келген Айтжан есімді шабандоздың «Сарбаз» атты тайы иеленсе, екінші орын ақтөбелік шабандоз Нұрхан Әдебиеттің «Мереке» атты тайы жеңіп алды. Ал, үшінші орын киелі Маңғыстаудан келген Ерсұлтан шабандоздың «Ақбілек» тайына бұйырды. 7 шақырымдық тай бәйгесі бойынша жүлде қоры І орынға 500 мың, ІІ орынға 300 мың, үшінші орынға 200 мың теңге құрады.
Құнан бәйгеде Тайпақ ауылынан келген Ержігіт шабандоз «Көзмоншақ» атты құнанымен бірінші орынды жеңіп алса, екінші орын казталовтық Хасановтар әулетіне бұйырды. Ал, үшінші орын Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласынан келген шабандоз жеңіп алды. 11 шақырымдық құнан бәйгеде 1 орынға 800 мың, 2 орынға 500 мың, 3 орынға 300 мың теңге ақшалай қаржы тігілді.
Топ бәйгеде бірінші орынды Тасқала ауданының Атамекен ауылынан келген ат иеленсе, екінші орын Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласынан келген атқа бұйырды. Ал жүлделі үшінші орын Шыңғырлау ауданының қанжығасында кетті. 17 шақырымдық топ бәйгенің жүлде қоры 1 орынға 1,5 млн. теңге болса, 2 орынға 800 мың және 3 орынға 400 мың теңге берілді.
Ал аламан бәйгеде Ақтөбе облысының Қобда ауданынан келген жас шабандоз Әлихан «Самұрық» атты сәйгүлігімен оза шауып, жүлделі бірінші орынды жеңіп алды. Осылайша аламан бәйгеге тігілген жеңіл автокөлік Ақтөбе облысына бұйырды. 28 шақырымдық аламан бәйгеде 2 орынға 1000000, 3 орынға 500 мың ақшалай сыйлық берілді.
Осылайша, аудан қонақтары мен тұрғындары бабы мен бағы қатар шапқан жүйріктердің куәгері болып, ұлттық спортымыздың белсенді жанкүйерлері екендігін танытты.
Мерекелік шара кешкі сағат 19:00-де «Жастар» стадионында елімізге танымал эстраданың жарық жұлдыздарының қатысуымен өткен мерекелік концертпен жалғасты. Концертке келген көрермендерге күмбірлеген күймен, әуезді ән кеші көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мерекелік шара соңында жиналған жұртшылық от шашуды тамашалады.