Саулық - сақтықта

Саулық - сақтықта

Саулық - сақтықта

 

Әлемді шаралаған індет жер-жаһанды біраз әбігерге салды. Пандемия, коронавирус атаулары адамзаттың күнделікті өміріне судай сіңді десем, артық болмас. Коронавирустың біздің өмірімізге тигізетін әсерінен жақындарымызбен қарым-қатынас, оқу, жұмыс, яғни өміріміздің барлық салаларын жаңа жағдайға бейімдетуге тура келіп отыр. Ауыр дерттің алдында барлығымыз теңбіз. Сондықтанда, кеселге қоғам болып төтеп беруіміз қажет. Бүгін облысымыз қызыл аймаққа еніп отырғаны туралы барлығыңыз хабардарсыз. Облыс басшылығымен тиісті шаралар қабылдануда.

Әлеуметтік желілер, газет-журналдар, теледидар, түгел ғаламтор жаман індеттің адамзат үшін қауіп екенін хабарлауда. Дегенмен ауданда маусым, шілде айларында болған жағдайды тез ұмытқан секілдіміз. Осы кезде ауруханамызда төсек орын жетіспеген кездер, мобильдік дәрігерлік топтар барлық шақыртуларға уақытылы бара алмаған шақтар болды. Дәрігерлеріміз, жауапты мамандар қолдарынан бар келгенін жасап жағдайды түзетуге тырысуда. Ақ халатты абзал жандарымыз індетпен күрестің алдыңғы шебінде болды. Оларға деген алғысымыз шексіз. Өкінішке орай, оқу жылы басталғалы бірнеше мектепті карантинге жапқан сәттерді де өткіздік. Йә, балаларымыздың арасында ауырғандар бар. Мейлінше түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Әйтсе де тұрғындар өмірлеріне төнген қауіпті әлі толық сезінбей отыр. Той-думанды тыймай, шектеу шараларын елемеуде. Осының салдарынан соңғы үш күнде 18 тасқалалықтың ауруды жұқтырғаны анықталып отыр. Барлығы да аурудың айқын белгілерімен. Егерде жағдай түзелмесе, қатаң шаралардың қайта енгізуге мәжбүр боламыз. Осы ретте ауылдық округ әкімдеріне, полиция бөліміне, жауапты тұлғаларға қадағалау шараларын күшейтуді тапсырамын. Тұрғындарда жағдайға салғырттықпен қарамауға тиіс. Алда Рамазан айы келуде. Сондықтан да, күнделікті тұрмыста, Ораза айт кезінде шектеу шараларын қатаң сақтауға шақырамын, ауызашарды шағын отбасылық ортада ғана өткізу қажет екенін ескертемін.

Ең бастысы ол адамның өмірі мен денсаулығы. Құрметті жерлестер жақынымызға жанашыр болайық! Саулық – сақтықта. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік ағайын!

 

Аудан әкімі Алдияр Халелов