Жаңа идеяны қолдауға әзірміз

Жаңа идеяны қолдауға әзірміз
Құрметті ауылдастар, аудан тұрғындарының негізгі кәсібі –ауылшаруашылығы. Егін егеді, мал ұстайды және құс өсіреді. Ендігі кезекте қолда бар мүмкіндікті пайдалана отырып, өндірілетін өнім көлемін ұлғайтатын, алынатын табысты арттыратын жол іздестіру керек деп есептеймін.
Жеке қосалқы шаруашылықтарға назар аударатын уақыт келді. Шаруа қожалықтарына басымдық берілген кезде, қарапайым адамдар мал ұстаудан қалып бара жатыр. Бұл жекелеген отбасылар қосымша табыспен құнарлы тағамнан қол үзді деген сөз. Сондықтан ауыл адамдарының мал ұстап, бақша егуіне барынша мүмкіндік жасауымыз керек.
Алдағы көктемде қолға алынатын жұмыстар туралы өздеріңізді хабардар етіп, бірге жүзеге асыруға шақырмақпыз. Мысалы, жеке қолдағы мал басын көбейту мен асылдандыруда ауылшаруашылық өндірістік кооперативтерінің(АӨК) мүмкіндігін тиімді пайдалануға болады. Осы жазбамда АӨК туралы баяндап өткім келеді.
Ауылшаруашылығы өндірістік кооперативтері жеке мал ұстаушыларға өте тиімді қадам болмақ. Нақтырақ айтқанда, жекенің малы кооперативтерге біріккен соң, жайылым мен шабындық жералуға конкурсқа қатысуға мүмкіндік беріледі, мал бағымы ұйымдастырылады, сол арқылы ұрлықтың алдын аламыз. Сонымен бірге, ветеринарлық мәселе шешімін тауып, мал басын асылдандыруға жол ашылмақ. Субсидия жекенің малына АӨК-ға біріккен жағдайда ғана беріледі. Бұл қаржы мал бақташысын жалдауға, мал азығын дайындауға, тұрақты негізде табынға асыл тұқымды бұқа қосуға жұмсалып, асыл тұқымды төл алуға мүмкіндік береді.
Ауылшаруашылығы өндірістік кооперативінің тағы бір ерекшелігі - лизингке ауылшаруашылығы техникаларын алу, селекциялық асылдандыру жұмыстарына қатысу арқылы мемлекеттік қолдауға ие болу.
Өткен жылы жергілікті мамандар ауылшаруашылығы өндірістік кооперативін құру мен дамыту барысын зерделеген ауқымды бағдарламалық құжат жасақтады. Жоба ҚР Ауылшаруашылығы министрлігіне ұсыныс ретінде жолданды.
Өткен аптада Амангелді ауылында болып, тұрғындармен кездестім. Басқосуға ауылда ауылшаруашылығы өндірістік кооперативін құрып, жұмысын жолға қойған «Бекет-Аман» АӨК төрағасы Абат Жұбаев пен «Газавик» АӨК төрағасы Жасталап Жұмағалиев сөз сөйлеп, құрылымның тиімді жақтарын барынша жеткізді. Олартұрақты түрде субсидия алуда. Асыл тұқымды бұқаларды табынға қосып, соңғы екі жылда төл алып отыр. Дегенмен, жеке мал ұстап отырған жандар әлі де АӨК құруға асықпай отыр. Бүгінгі күні аудан бойынша 280 адам ұжымдасқан 19 ауылшаруашылық өндірістік кооперативібар. Бірақ кейбір АӨК жұмысынжетілдіре түсу керек.
Елімізде адамға алғашқы қажеттілік деп есептелетін 19 түрлі азық-түлік түрі бекітілген. Осыларды барынша өзімізден өндіруді жолға қоюымыз керек. Сала мамандарымен кеңесіп, 10 түрлі азық-түліктіжергілікті жерден шығаруға болатынын сараладық. Ендігі кезекте осы межеге ұмтылу керек.
Жалпы ұғымда ауыл қаланы азық-түлікпен қамтамасыз етуші ретінде қалыптасқан. Бірақ біз қазір тамақты Орал қаласынан тасып отырмыз. «Ауыл - елдің алтын діңгегі» дейді бабаларымыз. Ауылды шынайы елдің алтын діңгегіне айналдыруға бәріміз мүдделі болуымыз керек.
Ауылда қоныстанған адам сүт және ет өнімдерін сатып алып тұтынбауы керек деп есептеймін. Бір сиыр бір отбасын сүтпен қамтамасыз етеді. Тіптен кәсіп етуге де болады. Мысалы, сүтті тұқымнан бес сиыр ұстаған отбасы ештеңеден тарықпайды. Сүтімен қаймағын, құрт пен ірімшігін, өзге де өнімдерін жергілікті нарыққа шығарса, жоғары сұранысқа ие. Бір ауылда 10 отбасы сүтті сиыр ұстаса, ауылды толық қамтамасыз етеді. Біз осыны айтып қана қоймай, нақты іске асыруға кірісеміз.
Мемлекет ұсынып отырған түрлі гранттар мен жеңілдетілген несиелермен тұрғындарды ақпараттандырып, ниет білдірген азаматтарды қолдауға әзірміз. Мен өзімнің еңбек жолымда 3-4 сиырмен ғана кәсібін бастап, бүгінде ірі шаруашылыққа айналып үлгерген талай іскер жандарды білемін.
Құрметті ауылдастар, біз қазір өсу мен өрлеудің кезеңінде тұрмыз. Кәсіп бастаймын деген азаматтар болса, нарықта ашық орын әлі де бар. Ауылдық жердегі өндіріс саласында бәсекелестер аз. Осы жағдайды ескере отырып «қолымнан іс келеді, кәсіп бастауға ниеттімін» десеңіз, біз қолдауға әзірміз. Осы бағыттардағы ұсыныстарыңызбен аудан әкімінің орынбасары Аян Халауединұлына, байланыс телефоны 21400, аудандық мәслихат хатшысы Жанар Нұрболатқызына, байланыс телефоны 21200 және ауылдық округ әкімдеріне жолығуға болады.