БЖЗҚ салымшыларының 2020 жылғы таза инвестициялық табысы 1,2 триллион теңгеден асты

БЖЗҚ салымшыларының 2020 жылғы  таза инвестициялық табысы 1,2 триллион теңгеден асты

         Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры салымшыларының зейнетақы жинақтарының сомасы 2021 жылдың 1 қаңтарында 12,9 триллион теңгеден асты. Оған зейнетақы жарналары мен инвестициялық табыс кіреді.

         2020 жылдың 12 айында салымшылардың шоттарына 1,2 трлн теңге мөлшерінде таза инвестициялық кіріс есептелді. Бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен екі есеге жуық мөлшерге артық (01.01.2019 жылдан бастап 31.12.2019 жылға дейін таза инвестициялық кіріс 641,8 млрд теңге). Айта кетейік, 01.01.2020 жылдан бастап 31.12.2020 жылға дейін  инфляция 7,5% болған кезде кірістілік 10,92% құрады. 

         Естеріңізге сала кетейік, жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) түсетін, есебін БЖЗҚ жүргізетін зейнетақы жарналарын зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқарушы Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі түрлі қаржы құралдарына инвестициялайды.

         Салымшылардың (алушылардың) зейнетақы жинақтарының сомасы зейнетақы активтерін инвестициялау нәтижелеріне сәйкес күн сайын қайта есептеледі және қайта бағаланады. Инвестициялық табыстың құрамына бағалы қағаздар (салымдар және басқа да операциялар) бойынша сыйақы, қаржы құралдарын нарықтық қайта бағалау, валюталық қайта бағалау, сыртқы басқарудағы активтер бойынша кірістер және т. б. кіреді.

          Жалпы алғанда, барлық зейнетақы активтері БЖЗҚ-ға біріктірілген сәттен бастап Ұлттық банк қамтамасыз еткен инвестициялық табыс  4,7 трлн теңгеге жетті. 2021 жылдың 1 қаңтарына зейнетақы жинақтарының жалпы көлеміндегі таза инвестициялық табыстың үлесі 34,5% құрады.

         Егер Қазақстанның жинақтаушы зейнетақы жүйесі құрылған 1998 жылдан бергі кезеңді алатын болсақ,  таза инвестициялық табыс 5,5 триллион теңгеден асты. Осы уақыт ішінде инвестициялық кірістілік өсу қорытындысымен 602,90% құрады. Ал инфляция 496,65% болды. Осылайша 2021 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша зейнетақы активтерінің нақты табыстылығы 106,25%.

         Айта кету керек, зейнетақы жинақтары – бұл ұзақ мерзімді инвестициялар және инвестициялық табыстың мөлшерін кемінде 1 (бір) жыл кезеңінде талдаған орынды. Қысқа мерзімді деректер (күнделікті, ай сайынғы және т.б.) көрсеткіш болып табылмайды, өйткені, олар күнделікті нарықтық жағдайға байланысты.

         Инвестициялық басқару мен зейнетақы активтерін есепке алудың барлық жүйесі ашық: әрбір салымшы өзінің инвестициялық табысын enpf.kz сайтындағы жеке кабинеттен немесе ұялы қосымшаның көмегімен бақылай алады. БЖЗҚ-ның зейнетақы активтерін инвестициялық басқару және зейнетақы активтері орналастырылған қаржы құралдары туралы ақпарат Қордың ресми сайтындағы (www.enpf.kz) «Көрсеткіштер/Инвестициялық қызмет» бөлімінде жарияланып отырады.

 БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).