СЫРЫМ АУДАНЫНЫҢ ҮШ АУЫЛЫНДА ӘКІМДЕР САЙЛАНАДЫ
Бүгін Сырым ауданының үш ауылдық округінде әкімдер сайлауы басталды. Бұлан, Жосалы және Сарой ауылдық округтерінің жаңа әкімдерінің есімдері кешке жария болады.
Аудандық маңызы бар қалалар, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдерін тағайындау емес, сайлау жолымен билікке әкелу туралы ұсынысты Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс- қимыл кезеңі» атты Жолдауында алғаш рет айтқан - ды.
Ұсыныс қайнап - пісіп, бүгінде әкімді сайлау - қазақстандық қоғамның қалыпты көрінісіне айналып кетті.
Сырым аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Мейірбек Хасановтың айтуынша, әр ауылдық округ бойынша үш кандидат тіркелген. Сайлау учаскелерінің орналасқан жері, кандидаттардың өмірбаяндары, бағдарламалары жергілікті бұқаралық ақпарат бетіне жарияланды. Халық үміткерді еркін тануы үшін әр округте болашақ әкімдер арасында дебат өтті.
- Кандидаттар арасында тосын адам жоқ. Бәрі де осыған дейін өздерін қызмет салаларында дәлелдеген, кәсіби шеберлігі қалыптасқан азаматтар. Бірақ, әкім болу - мекеме басқару емес. Әкім болу - халықтың қызметшісіне айналу. Ауыл өз әкімін өзі таңдайды. Үш ауылдық округ бойынша 6 сайлау учаскесі жұмыс жасап тұр. - дейді Мейірбек Мәлікұлы.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы