Жалпақталда туып, өмірінің басым бөлігі Сырым өңірінде өткен, басшылық саладағы ізі аудан өңірінде сайрап жатырған Жеңіс Қажиақбаров бүгінде ортамызда болғанда 16-шы мамырда 80 жасқа толған болар еді.
Өкініштісі, атпал азаматтың фәнидегі өмірі аяқталса да отбасы, қызметтес болған әріптестері, ағайын-тумалары Қажығалидың Жеңісін ұмытқан емес, ұмытпайды да.
Жақында облыс орталығындағы «Керемет» мейрамханасында «Азамат есімі ұмытылмайды» атты кең ауқымды еске алу шарасы өткізілді.
Шараны өткізудің басы-қасында Жеңіс Қажиақбаровтың өмірлік қосағы Мария Мұханбетқызы, қыздары мен күйеу баласы, тумалары болғандығын айта кеткен абзал.
Еске алу шарасында Сырым елінде басшылық қызметте тер төккен азамат Жеңіс Қажығалиұлының болмысты істері жөнінде әсерлі бейнебаян көрсетілді.
Ал, іскер азаматтың соңында қалдырған жарқын істері, сайраған іздері жөнінде көзін көре қалған азаматтар өткен шақтардан ойлы естеліктерін айтты.
Сондай ойлы да, мәнді, жүректі дір еткізерлік естеліктерін ортаға салған елжанды азаматтар Оңғар Серіков, Серік Отарғазиев, Әлихан Разов, Асан Жүсіпов, жеке кәсіпкер Рауан Үсенов, әнші-сазгер Жаскелең Ғайсағалиев, Сырым аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мүсірбек Айташев, тағы басқаларын айтар едік.
Шарада «Жеңістің 80 жасын тойлар едік-ау» деп өкініш білдірген азаматтардың көңілін Астанадан осы еске алу шарасына арнайы келіп, Жеңіс ағасының бейнесін майлы бояумен кілемшеге салдырып әкелген Рауан Үсеновтен осы бейнені қабылдап алған Мария Мұханбетқызы қатты толқығаннан жанарына жас алды.
Елінің ардақты азаматы Жеңіс Қажиақбаровты еске алу шарасында ол туралы өмірде қолданылған әзілдер мен сүйікті әндері де еске алынып, әңгіме болды.
Елі, халқы арда азамат Жеңістей ұлын ешқашан да ұмытпайды, ұмытпақ емес те.
Өйткені, азаматтың жүріп өткен сара жолы әлі күнге сайрап жатыр!
«Сырым елі»