Волоколамскке кірдік. Соборноя көшесі #6 мекенжайында тұрған қос қабатты ғимарат - “Волоколам кітапхана орталығы” муниципалды бюджеттік мекемесі. Қақпаның алдынан бізді екі шетін ұштап тұрып мұрт қойған, бойы ортадан жоғары, мығым денелі кеңқолтық азамат күтіп алды. Иә, шашына аздап ақ қонып, сол қырау мұртын да шалыпты. Келбетінің арғы жағынан қайратты, қуатты, асау жігіттің реңі байқалады.
- Түбі казак! - деді ойындағысын жасырмай жарқ еткізетін Жанна әпкеміз.
Біздің оны, оның бізді алғаш рет көруіміз. Бірақ, Нұржан ағалар туған бауырын көргендей қуанып, құшағына басып амандасты. Ол да жылышыраймен сәлемдесті. Күні бойы күткені - біз едік.
Бұл кісі - өмірінің 41 жылын майдан орындарын зерттеуге арнаған әскери археолог Сергей Николаевич Бобинов. Ол РФ Қорғаныс Министрлігі, Ресейдің Авиациясына, Флотына, Армиясына ерікті әріптестік жасау қоғамы, “Панфиловец” әскери - патриоттық клубының жетекшісі екен. Клуб Мәскеу облысы төңірегінде соғыс орындарын қазу, зерттеу, көмусіз қалған сарбаздардың мүрделерін арулап, жауынгерге лайық мәртебе - құрметпен жерлеумен айналысады екен. Абдолла Жұмағалиевтің өртеніп өлген орынын тапқан - осы Сергей.
Сергейдің Абдолламен танысуының өзі - бір хикая.
Экспедициямыздың мүшесі, батысқазақстандық өлкетанушы Нұржан Төлеповтың Абдолланың ерлігінің құнын сұрап жүргеніне біраз жыл. “Мәскеуді қорғауда ерлікпен қаза тапқан Абдолла Жұмағалиев Халық Қаһарманы атағына лайық!” - деп ресми органдарға хат жазып, баспа беттерін шулатын жүрген Төлепов мырза өзіне мүдделес адамдар іздейді. Табылады да. Тарихшы, Панфилов дивизиясы туралы бірқатар зерттеулердің авторы, Әл - Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры Лейла Ахметова Нұржан мырзаға ойын құптайтынын айтып, волоколамдық іздеуші Сергей Бобиновтың нөмірін берді.
Бұл туралы Сергей Николаевич сұхбатында да айтты. Хош, Бобинов мырзаның қолындағы ақпараттар “Волокломская неделя” газетінің журналисті Дарья Новикованы қызықтырады. Газеттің 2020 жылғы 14 мамырдағы #14 (830) санына “Казахи просять за панфиловца” деген материал басылды. Бобинов бұл кезде “Панфиловец” клубының әр жылдардағы қазба жұмыстарының картасын, деректерін ақтара отырып, өртенген үйдің орынын шамалап үлгерген еді. Міне, осылайша Абдолланы іздеу тарихи ауыр міндеттің бір бұрышын Сергей көтеріп кете берді.