ДАРИЯ КЕУДЕ, ТАУ МҮСІН…

ДАРИЯ КЕУДЕ, ТАУ МҮСІН…
ДАРИЯ КЕУДЕ, ТАУ МҮСІН…
Жеңіс күні мерекесіне орай Жымпитыдағы “АЛИ” мейрамханасында сырымдық тыл және еңбек ардагерлеріне арнап дастархан жайылды.
Шараға Сырым ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Қайрат Төлепов, аудан әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов, Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты Ғанимат Нұрмұханов, Сырым аудандық мәслихатының төрағасы Шынар Дүйсенғалиева, Сырым аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мүсірбек Айташев қатысты.
Аға буын соғыс майданына әкелерін аттандырды. Өздері бір күнде есейіп, еңбек майданына кірді. Олар Жеңіс деген жарқын хабарды қырманның басында тұрып естіді. Олар өз ауылдары үшін - Еңбек ері!
Ақжолтай жаңалық, "Bereke bank" АҚ БҚО филиалы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы құрметіне Сырым ауданындағы 48 тыл ардагеріне 50 000 теңгеден қаржылай сыйақы тағайындады.
Жеңіс балаларына жергілікті бюджеттен де көмек бар.
Сырым аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Кенжегүл Исатаеваның айтуынша, әлеуметтік санатқа жататын 89 адамға 6 млн. 90 мың теңгенің әлеуметтік төлемі жасалған.
Дастархан басында “дария кеуде, тау мүсін” қариялар балалық дәурендері туралы естелік айтты.
Олар үшін мәдениет үйінің әншілері ән шырқады.
Б. ШЕРІМ,
Сырым ауданы