ЕСКЕРІЛМЕЙ ЖҮРГЕН ЕР

ЕСКЕРІЛМЕЙ ЖҮРГЕН ЕР
ЕСКЕРІЛМЕЙ ЖҮРГЕН ЕР
басыбайлы баспанаға зәру
Әр заманның ерге дайындаған өз сыны бар. Өлеңтілік Мұстафа Днекешовке жалындаған жастығында Курчатов “саңырауқұлағының” астына кіруге тура келді.
Мұстафа Днекешов 1957 жылы 30 қыркүйекте дүниеге келді. Сырбаздық - Мұстафаның бойына ұялаған қасиет. Қашан көрсең жағасы майырылмай, шалбарының қыры бұзылмай жүретін, қаламмен сызылғандай қара мұрт қойған қайыңқаптал жігіт “Әскерге алынасың!” - дегенде қуанды. Енді ше?! Ол кезде әскеркөрген жігіт - қыз көзіне қалаулы, ел ішіне аяулы - тын.
Ердің өмір мектебінен өту - әркімнің арманы. Батыстан шыққан пойыз Шығысқа қарай ыңыранды. Әскери бөлімнің аумағына келіп тоқтаған көліктен секіріп түскен Мұстафаның мұрынына улы иіс сезілді. Ол Семейдегі ядролық сынақ полигоны аумағындағы Жармин ауданына келген еді.
- Біздің бөлім полигон ошағынан 80 шақырым жерде тұрды. Әскерде желілік бақылаушы болып қызмет еттім. Шұбатылған сымдарды жалғадым. Нысана атып, жаттығуларға қатысып жүрдік. Бізді көбіне жарылыс болғаннан кейін апарып жүрді. Улы иіс ауадан сезіліп тұратын. Зияны басында білінбеді. Тек жиі ауыратын едім. Екі күннің бірінде “санчасть” - қа түсіп жүрдім. Ауылға келген әзірде бетіме безеу шықты. Шашым түсті. Тұла бойыма суық өтті. Елемеппіз. - дейді Мұстафа ағаның өзі.
Елге келгеннен соң қой бақты, механизатор болды. Қазір полигонның жауынгері Аралтөбе ауылындағы туыстарының қолында тұрады. Денсаулығы дімкәс. Құлағы естімейді, өзі қуарып, солған.
***
Сәуір айының 18 жұлдызы күні «Сырым елі» қоғамдық – саяси газетінің редакциясына Мұстафа ағаның ұлы Дастан Днекешов келді.
Айтуынша, әкесі 1976 жылдың 16 қарашасы мен 1978 жылдың 21 қарашасы аралығында сол кездегі Семейпалат облысы, Жармин ауданы, Георгиевка ауылындағы №64554 әскери бөлімінде қызмет атқарған.
ҚР Қорғаныс Министрлігі Орталық мұрағаты 2014 жылы 23 сәуірде берген №3/425 санды анықтама М. Днекешов радиация қаупі тараған аймақта әскери қызметте болғанын растайды. Оны ҚР Қорғаныс Министрлігінің Орталық мұрағатының 241 қор, 4850 жазба, 1 істегі құжаттар негіздейді.
Ал, Сырым аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің 2024 жылы 15 мамырда ұсынған анықтамасында М. Днекешов 2 жыл бойы денсаулығына зиян, ауасы улы, радиациялық қаупі жоғары жағдайда (7 – 35 бэр аралығында) қызмет еткені айтылған.
2024 жылдың 15 мамыры күні М. Днекешов «Ерекше Тәуекелді солдаттар» ұйымы қатарына алынған. (Куәлік №3866) Құжатта ҚР 1992 жылы 18 желтоқсандағы №1787 – ХІІ және 2020 жылғы 6 мамырдағы жаңартылған №332 – VI Заңына сәйкес, М. Днекешов Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілгені және жеңілдіктер алуға құқылы екені жазылған.
Бірақ, Мұстафа ағамыз осы кезде дейін Семей ядролық сынақ полигоны аумағында қызмет жасаған және радиациядан зардап шеккен адам ретінде үкіметтен мардымды көмек ала алмай келеді. Ең қиыны - басында басыбайлы баспана жоқ.
Ескерілмей жүрген ердің тағдыры туралы Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязовқа, аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Кенжегүл Исатаеваға депутаттық сауал жолдадық.
Хатта, ҚР Конституциясының «Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қолдау» туралы Заңына сай Аралтөбе ауылдық округінің тұрғыны М. Днекешовтің қандай жеңілдіктер алуға құқылы екенін, неліктен осы кезге оны қоғам іздемегенін, не үшін әскери – патриоттық жиындарға құрметті қонақ ретінде шақырылмағанын сұрадық.
Неге билік оның әлеуметтік жағдайына, жеке мәселелеріне назар аудармаған? Басқалардың кеудесіндегі самсаған медаль мен төсбелгі неге Днекешовтың өңірінде жоқ?! Міне, осы сұрақтар бізді де, Мұстафа ағаны да мазалайды.
Аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің хатқа берген жауабына сүйенсек, Мұстафа Днекешов бөлім арқылы Сырым аудандық мәслихатының 2020 жылғы 28 желтоқсандағы #64 - 15 “Сырым ауданының әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы” шешіміне сәйкес Семей ядролық полигонының жабылуына 30 жыл толуына орай 30 жыл толуына орай 20 000 теңге көлемінде бірреттік көмек алған. Ол жәрдемақы 2021 жылдың 11 қазаны берілген. 2022 жылы шешімге өзгерістер енгізіліп, бұл көмек түрі тоқтатылған. Сөйтіп, Мұстафа мырза 5 жыл сайын 20 000 теңге алатын “зор мүмкіндіктен” қағылды.
Иә, 20 000 теңге жыртыққа жамау болмасы белгілі.
Қазіргі уақытта бір мәселені шұғыл шешуге тиіспіз. Ол - жаралы жауынгерге пана тауып беру. Семей ядролық сынағынан залал тартқан М. Днекешовтың туыстарының үйін паналап жүргеніне назар аударып, Сырым ауданы әкімдігі оны әзірге Өлеңті ауылындағы «Бірлік» тұрғын үй кешенінен бір пәтерге орналастырса екен. Дәл осы мәселемен Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязовтың қабылдауында болдық. Әкім мырза жағдайды зерделеп, тиісті көмекті беруге уәде етті. Көңілді сол жылытады.
Ал, Сырым аудандық халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі Мұстафа мырзаға мүгедектік тағайындау үшін жұмыстануға ұсыныс білдірді.
Куәліктерінде “Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне теңестірілді” дегенмен, жағдай шын мәнінде олай емес. Ерекше тәуекелді солдаттардың Заң алдында ешқандай санаты жоқ. Удың ортасынан келген сарбаздарды үкімет өз қайғыларымен оңаша қалдырғаны өкінішті әрине. Ал, ұйымдарды басқаратын тағдырластары ағаны неге тегін емдеу – сауықтыру шараларымен қамтымаған?!
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
“Сырым елі”
СӨЗІМІЗ АУЫЗЫМЫЗДА:
Кеңес уағында Қазақстан аумағында атом бомбалары сынақтан өтті. Ол үшін арнайы 18 млн гектер жер бөлініп, Семей ядролық полигоны ашылды.
Семей полигоны – КСРО ядролық сынақ полигондарының бірі, аса маңызды стратегиялық нысан. Бастапқысында адамдарға, жануарлар мен табиғатқа тікелей зардабын тигізген ашық сынақтар жасалды. Сосын жарылыс ошағы жер астына ауысты. Атом бомбаларының жарылысы Жер - ананың құрсағын шошытты. Семей маңындағы радиациялық әсер аймағында тұратын 500 мыңдай адам осы сынақтан азап шеккені жазылады.
Ең қорқынышты сан мынау: полигонның тәжірибелік алаңдарында 456 ядролық жарылыс болған.