1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні – жыл сайын көктемнің шуақты шағында атап өтілетін мереке ғана емес, Қазақстан аумағында өмір сүріп жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілінің ынтымақ пен достыққа негізделген өмірінің айғағы. Тарихы терең, тағдыры ортақ елдің “Бірлік болмай, тірлік болмас” деген қанатты сөзін ту еткен халқымыз үшін бұл күннің мәні мен маңызы ерекше.
Бүгінгі таңда бір шаңырақ астында тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан этнос өкілдері еліміздің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесін қосуда. Сондай ізгі жандардың бірі — ауданымыздың дамуына үлес қосып келе жатқан, бар ғұмырын маңдай термен еңбек етуге арнаған татар ұлтының ардақты әулеті — Ғалиасқаровтар отбасы.
Осы әулеттің жарқын өкілі, ел ішінде еңбегімен танылған, қарапайым болмысымен қадірлі азамат — Вадим Ғалиасқаров. Жұрт оны үлкен мінберлерден емес, ауыр техникалар тізгінінен таниды. "Биіктерден көрініп жүрген" дегеніміз — мәжіліс залдарындағы сахналар емес, күн-түн демей жүріп, ауылдың тіршілігін тіреп тұрған ауыр жүк көліктері.
Вадим Рафхатұлы, 1962 жылы дүниеге келген. Жымпиты мектебінде білім алып, кейін аудандық Сырым колледжін тәмамдады. “Алма ағашынан алысқа түспейді” дегендей, алғашқы еңбек жолын өзі оқыған (бұрынғы СПТУ) Сырым колледжінде бастап, сол жерде студенттерге техниканың қыр-сырын үйретіп, өзі де білікті маман ретінде шыңдалды.
Қазір Вадим ағай аудандық коммуналдық кәсіпорында механик болып қызмет етеді. Ауыл ішінде қыс түссе болды, қар жауса, көшеде көлік жүрмей қалса, немесе тұрғындардың ауласында қоқыс жиналып жатса, жымпитылықтар бірден қара көзілдірігін тағып, ерніне темекісін қыстырып, “Құлагерін” тізгіндеген Вадим ағайды күтеді. Бұл — көптің шынайы ықыласы мен сенімінен туған бейне.
Мақала кейіпкерінің әріптестері мен замандастары да Вадим Рафхатұлы туралы жақсы пікір білдіріп, оның жүргізе алмайтын техникасы жоқ екенін алға тартады. Өз ортасында “Вадим — троктаристы номер один!” деген сөз де айтылыпты. Ағайдың еңбегі еленіп, ел алғысына бөленіп жүр.
Жан жары — Гүлнар Бахметова ханым да — өз ісіне адал, елге сыйлы жан. Ол қырық жылдан астам уақыт бойы Жымпитыда шаштараз болып еңбек етті. Таңның атысынан кештің батысына дейін тапжылмай қызмет еткен Гүлнар ханымның қолынан талай ауыл тұрғындары өткен. Бұл кісінің де еңбек жолы туралы мақала газетіміздің бетінде бұрын жарық көрген.
Вадим мырза мен Гүлнар ханым ұлын ұяға, қызын қияға қондырған үлгілі ата-ана. Раман есімді ұлы мен Индира есімді келіні – өз алдарына түтін түтетіп отырған жандар. Ал бүгінгі зейнет жасында немерелері Мәриям мен Раянаның иісінен медет алып, өмірдің қызығын көруде.
Ғалиасқаровтар — тек отбасының ғана емес, ауданымыздың да абыройлы есімі. Бірлігі жарасқан, еңбегі еленген осындай әулеттер елдің тыныштығы мен тұрақтылығының нақты көрінісі іспеттес.
– Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бірлік пен бейбітшілікке негізделген сөзі біз секілді өзге ұлт өкілдеріне үлкен рух берді. Бұл – әр азаматтың құқығы қорғалған, тілі мен мәдениетіне құрмет көрсетілетін мемлекетте өмір сүріп жатқанымыздың айғағы. Бірлік бар жерде – береке бар. Біз біргеміз, біз — Қазақстанбыз!- дейді ерлі-зайыптылар.