Галина Валитова Ресей өлкесіне қарасты Смоленск қаласында 1944 жылдың қаңтар айында дүниеге келді. Әттең, дүниеге шыр етіп келген сәбидің алдағы өмірі қиын күндерге ұласарын ол кезде кім білген? Әкесі Николай соғыстың қайнаған ортасында жаумен арыстанша арпалысып жүріп қаза тапты. Ал, анасы Марфа аяқ асты ауыр кеселге душар болып, ақыры қайтыс болды. Иә, маңдайға тағдырдың жазуы осылай болса, одан кім қашып құтылады, көнесің, шыдайсың. Марқұм Марфаның туған сіңілісі Ольга Антонқызы өте мейірімді, қамқор жан болды. Ілезде ата-анасыз шырқырап қалған Галинаны апасымен бірге бауырына басып, өз ұрпағындай етіп тәрбиелеп өсірді.
Аялы алақан жылуын сезіне білген Галина Николайқызы осы Смоленск қаласынан орта мектепті өте жақсы бағамен бітіріп, бірден қаладағы техник- инженер мамандығын даярлайтын техникумға мүдірместен оқуға түсті. Әп-әдемі, талдырмаш келген орыстың сары қызы Галина құрбыларымен техникумда білімге зеректігі, білгірлігімен көзге түсті. Сондықтан болар, аталмыш оқу орнын аяқтаған жас мамандарды жан-жаққа бөлгенде Галина мен құрбысы Валентинаға маман тапшы Батыс Қазақстан облысының Орал қаласына арнайы жолдаманың бұйырды. Орал қаласына табандарын тіреген қос құрбыға байланыс саласында маманға өте зәру болып отырған Жымпитыға баруға тура келді.
Сөйтіп, 1963 жылы Галина Николайқызы құрбысы Валентинамен аудан орталығындағы байланыс орталығына білек сыбана қызметке кірісіп кетті. Өзінің етінің тірлігі, қазақ тілін қалай да үйренемін деген қайсарлығы нәтижесінде орыстың сары қызы Галина қысқа айлардың ішінде қазақша сөйлегенде, өзгелерді шаң қаптыратын дәрежеге жетіп, әріптестерін таң- тамаша еткені бар.
Галина Николайқызы сонау Ресей өлкесінен келіп, өмірлік қосағы, отағасы жымпитылық Марат Валитовты кездестірді. Сөйтіп, 1963 жылы татар жігіті Маратпен танысқан Галина 1965 жылы дүркіретіп үйлену тойларын қызметтестері, достары, ағайындарымен өткізді.
Марат Валитов полиция саласында ұзақ жылдар еңбек еткен азамат, яғни Мараттың бұл саладағы іздері Тоғанас, Алғабас, Жымпитыда сайрап жатыр. Әттең, доғарыстағы майор Марат Валитов 2001 жылы өмірден озды, өкініштісі – осы.
Отбасында Марат пен Галина тәрбиелеп өсірген, бір-бір шаңырақтың иелері атанып, қызмет атқарып отырған ұрпақтары Ольга, Лилия, Дамир – бүгінде ата-ананың көз қуаныштары.
Және айта кететін жәйт – Валитовтер әулеті қазақ, корей, әзірбайжан ұлтымен құдандалы болған, қоғамдық келісім мен татулықты, салт-дәстүрді берік орнықтырған өнелегі отбасының бірі.
– Өзім қасиетті Қазақстанға әбден бауыр басып кеттім, қазақ тілін еркін сөйлеймін, қазақы дәстүрді, ұлттық тағам, құдалықты өте қастерлеймін. Тіпті, жымпитылықтар мені қазақ бауырындай сыйлап, құрметтейді, көшеде кездескен балаларға дейін маған қазақша сәлемдесіп, қолымдағы затыма көмектеседі, риза болып қаламын. Ұрпақтарымның бәрі де Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептен білім алды. Бүгінде тұңғыш қызым Ольга Шымкент қаласында, күйеу балам Александр корей ұлтынан, екі ұлдары бар, ал Лилия болса Шымкентте, күйеу бала Фархадтың ұлты – әзірбайжан, екі қыздары бар, өзім бүгінде ұлым Дамир, келінім Гүлназ бен төрт немеренің қызықтарына кенеліп отырған жағдайым бар,- дейді Галина Николайқызы ризашылықпен.
Байланыс саласында 40 жылдай жемісті қызмет атқарған техник-инженер Галина Валитова – көп жылғы атқарған еңбегіне орай түрлі марапаттарға ие болған қастерлі мамандық иесі.
Айтқандайын, жолдамамен Жымпитыға қызметке келген құрбысы Валентина да қазақ жігітімен көңіл жарастырып, бүгінде Орал қаласында тұрады, ұрпақ қызығын көріп отыр. Қос құрбы анда-санда болса да өткен-кеткен оқиғаларды әңгімелеп, шүйіркелесуге де уақыт табады.
– Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мерекесі аталып өтті, бұл – үлкен жетістік, абырой. Басты айтарым, қасиетті қазақ жерін мекендеген әр ұлт өкілі ел бірлігін сақтау жолында өзіндік үлестерін қосуда. Осы бірлігіміз, татулығымыз ұзағынан болсын,- дейді ардақты әже Галина.