БІРЛІГІ БЕКЕМ ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫ БАЯНДЫ

БІРЛІГІ БЕКЕМ ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫ БАЯНДЫ
БІРЛІГІ БЕКЕМ ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫ БАЯНДЫ
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне орай аудандық мәдениет үйінде «Достық пен ынтымақ күні» атты мерекелік шара өтті. Көк байрақ астындағы көп үн бір үнге айналған күні сахна шымылдығы өзге ұлт өкілдерінің биінен қойылған композициямен ашылды.
Сырым ауданы әкімі Жұмагелді Батырниязов жерлестерін мерекемен құттықтап:
– Сіздерді татулық пен келісімнің нұрына бөленген 1-мамыр Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын. Бейбіт елде өмір сүретін халық үшін бейбітшілік пен келісімді насихаттайтын бұл мереке қашан да зор маңызға ие. Биыл Қазақстан халқы бірлігі күні Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мерекесімен тұспа-тұс келіп отыр. Бұл ұйым еліміздегі ұлтаралық татулық пен келісімді нығайтуда өзіндік рөл атқарып келеді. Бірлік пен түсіністік, қарапайым сыйластық үстемдік құрған жерде қашан да нәтижелі істердің алға басатыны белгілі. Осы орайда Сырым жұрты бірлігі мен берекесі жарасқан өңір. Біз өзара түсіністік пен сыйластықты ту етіп, туған өлкемізді өркендету жолында бірлесе жұмыс істеп келеміз. Осы игі жолда әрқайсымыздың қосқан үлесіміз бағалы. Бәріміз ортақ еңбегімізбен, бірлескен ізденісімізбен, топтасқан болмысымызбен ортақ үйіміз – Қазақстан Республикасының күн санап өркендеуіне айрықша үлес қосудамыз. Айтулы мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке, ырыс-ынтымақ, бақыт тілеймін! Мемлекетіміз молшылыққа, ал әрбір шаңырақ бақыт пен шаттыққа кенелсін! Бірлігіміз бекем, еліміз тыныш болсын!-деді.
Әрі қарай шара мерекелік концертке ұласып, әсем әндер әуелеп, құлақтан кіріп бойды алды. Мың бұралған бишілер шырқ айналып, сахнаның сәнін келтірді.
Шынар МОЛДАНИЯЗОВА