БІР ОРТАЛЫҚ—БІРНЕШЕ МҮМКІНДІК
Сырым ауданында құрылған «Отбасын қолдау орталығы» өз жұмысын белсенді түрде бастап кетті. Жақында орталық жанынан құрылған мобильдік топ мүшелерінің алғашқы отырысы семинар ретінде өтті. Жиынға аудан әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов төрағалық етіп, шара аясында «Отбасын қолдау орталығының» жұмысы мен «FSM SOCIAL» мобильді қосымшасының іске асырылу тетіктері талқыланды.
Орталық директоры Ақкүміс Мұрадимова отбасыларға, әсіресе әлеуметтік жағынан осал топтарға – көп балалы, аз қамтылған, қиын жағдайға тап болған отбасыларға жан-жақты ақпараттық-кеңестік және ресурстық қолдау көрсетудің маңызын атап өтті. Оның айтуынша, орталық зорлық-зомбылық көрген әйелдер мен балаларға психологиялық, заңгерлік, әлеуметтік көмек көрсетуге, жұмысқа орналасуға, кәсіби білім алуға және мемлекеттік қолдау шаралары туралы кеңес беруге дайын. Қажет болған жағдайда, орталық бір айға дейін уақытша тұру үшін арнайы бөлме ұсынады. Сонымен қатар, жақында орталық тарапынан наурыз айында қолайсыз отбасыларға азық-түлікпен көмек көрсетілгені де айтылды. Жиын барысында Ақкүміс Хамитқызы мобильдік топтардың жұмысымен таныстырып, олардың өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасыларды ерте анықтап, оларға дер кезінде көмек көрсетудегі рөліне тоқталды. Орталықтың психолог маманы Әселім Нұрбаллина «FSM SOCIAL» қосымшасының қолданылу тәртібін түсіндірді.
Сырым аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Бекболсын Меңешов өткен жылға қарағанда, 2025 жылы отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша әкімшілік хаттамалар саны азайғанын айтты. Сонымен қатар, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында арнайы инспектор Қайырболат Өтепов тағайындалғанын жеткізді.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов бұл бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында ауылдық округ әкімдеріне, мектеп директорларына және учаскелік полиция инспекторларына нақты тапсырмалар жүктеді.