БІЗ НЕГЕ ҰЯЛДЫҚ немесе «АҚЫНДЫҚТЫҢ ЖОЛЫНА ҚИМАЙМЫЗ БА, «ӘКІМИЯТТЫҢ» АЛДЫНДА ЖАТҚАН ЖОЛДЫ?»

БІЗ НЕГЕ ҰЯЛДЫҚ немесе «АҚЫНДЫҚТЫҢ ЖОЛЫНА ҚИМАЙМЫЗ БА, «ӘКІМИЯТТЫҢ» АЛДЫНДА ЖАТҚАН ЖОЛДЫ?»

Апта басында ауданға жазушы, этнограф Зейнолла Сәніктің туғанына 90 жыл толуына орай жолға шыққан «Ұлттық құндылық. Қазақ этнографиясы және Зейнолла Сәнік» атты экспедиция аялдады. ҚР Жазушылар одағы бас болған керуен құрамында Қасымхан Бегманов, Серік Қалиев секілді ақындар бар екен. Қаламгер Жымпитыға келіп тұрып, Қадыр туралы тебіренбесін бе?

  • Мен Аламты қаласындағы Қадыр Мырза Әли атындағы көшеде, №147 үйде тұрамын. Аяулы ақындар, асыл достар Қадыр мен Тұманбайдың көшелері Наурызбай ауданында қатар жатыр, - деп мақтанды айтыс ақыны, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреат, «Зейнолла Сәнік» атындағы мәдениет қорының атқарушы директоры Серік Қалиев. Біз осы жерде ұялыңқырап қалдық.

Сырым ауданының орталығы Жымпиты ауылынан Қазақстан Халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, дәуірінің дарабозы болған Қадыр Мырза Әлиге көше беру туралы ұсыныс күн тәртібіне көтерілгелі аз болған жоқ. «ҚР ономастика туралы» Заңына сай әгараки бір жерге біреудің есімі таңылатын болса, ол үшін құрмет иесінің өлгеніне бес жыл толуға тиіс екен. Ал Қадырға мектеп аты көзінің тірісінде берілген-ді. Заңның бүйірі басқа жақтан бұлтиды ма, енді асылыңды жерге көміп, сүйегі топыраққа кіріккеннен кейін ғана жоқтауға, ардақтауға тиістісің!

Хош уақыт зыр етті. Қайраткер ақын Бауыржан Халиолла Қадыр атындағы мәдениет және өнер ораталығын басқарып тұрған уағында өңірде қалыптасқан қоғамдық –саяси «жылымық ауа райы» мезетін пайдаланып, Орал қаласындағы аялдамаға, шағынауданға ақынның асқақ атын жазып үлгерді. Бұл сәтте Жымпиты тағы сан соғып қалдық.

Биыл ақынның туғанына 90 жыл. Қыдыр Мырза Әлиге бір көше беретін мәртебелі сәт, бәлкім, мүмкіндік келді. Уақыт кемесі жағалауымызға өзі келіп қайырылып тұр. Тұлға тойының туын көтере жүріп, осы бір игі шаруаны тындыруға тиіспіз.

Қадырға көшені Жымпитының қай жерінен берген ләзім? Иә, ескі бетте бала Қадырдің ізі қалды. Ж.Досмухамедов атындағы қос қабатты үйде анасы тұрды. Бұл тұрғынжайдың Қадыр мектебіне қараған қасбетіне қаламгердің суретін салуға болады. Ал көшені ескерткіші тұрған орталықтан беру керек. Қазақстан көшесі Қадыр көшесі атанса жараспай ма?

Наурызда Жымпитыда өткен айтыста Шымкенттік ақын Қажымұқан Абзал:

  • Жымпиты бір көшесін бере алмаса,

Кеңсайда атам бекер жатқан болды.

Ақындықтың жолына қимаймыз ба

Әкімияттың алдында жатқан жолды? – дегенде ел қошеметке басқан. демек халықта Қадыр есімінің лайықты биігіне қонғанын күтіп жүр.

Сіз не дейсіз, оқырман?

 

Бауыржан Ширмединұлы,

ақын,журналист,

ҚР Жазушылар одағының мүшесі,

Жымпиты ауылы

№15 , 10.04.2025жылғы «Сырым елі» саяси

қоғамдық газетіне шыққан мақаласынан