“ЖЫМПИТЫ “ИНДИЯҒА” АЙНАЛЫП БАРА ЖАТЫР”
Қазір ауыл малының ноқтасы сыпырылып, өрісте еркін жайылатын уақыт. Алайда, “Соқыр тауыққа бәрі бидай” дегендей, сүйегіне терісін жамылып, қыстан шыққан мал үшін ауылдың іші не , сырты не? Бұл мәселе ауыл тұрғындары үшін өзекті тақырып!
Бүгін Өлеңті ауылдық әлеуметтік қызмет орталығында сход жиыны өтті.
Жымпиты ауылдық округінің әкімі Мейрам Қайырғалиев пен аудан әкімінің орынбасары Қайрат Төлеповтің тұрғындармен кездесу отырысында Жымпиты ауылы бойынша мал бағымы жөніндегі мәселелер талқыланды.
Ауыл әкімі Мейрам Нұрмағамбетұлы мал бағымы жөнінде халыққа былай ақпар берді:
— Жымпиты ауылы бойынша 6 бағытқа, Өлеңті ауылында 1 бағытқа мал шығады, 2 бағытқа мал бағуға бақташылар ниет білдіріп отыр. Олар: Жымпиты ауылына “Ескі көпір” бағыты Қайрош Раймов, Өлеңті ауылына “Өлеңті” бағыты- Ерболат Махметов.
Өкінішке орай бес бағытқа (Жаңа көпір, Қособа, Аэропорт, Қарасу, Телевышка) бақташы болмай тұр.
2025 жылдың 30 наурыз күні малшылармен кездесу ұйымдастырылып, бағу бағасын қарадық. Әр бағытқа шығатын малдарды 2500-3000 теңгеден, қырдағы малдарды 3000-3500 теңгеден бағатын болып келісілді.
Қырдағы малдарды Жеңіс Елеуов, Ғалымжан Күлпердесов Ғалымжан, Ырысты Өтепова, Темірғали Бегімов, Мақсот Бисенғалиев бағады. Сонымен қатар қой малын Өлеңті ауылының тұрғыны Жұмагелді Кубашев әр басқа 1000 теңгеден бағатын болды,-деді округ әкімі.
Тұрғындар атқа қонып, мал бағуға қабілетті азаматтарды да сөзге тартты. Бақташылық қызметте болған жандар бұл мәселенің туындауы елдің еңбек ақыны уақытылы төлемеуінен, қала берді елді-мекен балансындағы жер мөлшерінің ауыл малына сәйкес келмеуінен басталатынын айтты.
Жиынның қорытынды сөзін аудан әкімінің орынбасары Қайрат Нұржанұлы сөйледі. Ол ауылдастарын үй жануарларын ертемен өріске шығарып, мұқият қадағалауын, алдағы уақытта көше бойында жүрген жануарларға рейдтік іс-шаралар жүргізілетінін ескертті. “Әйтпесе, Жымпиты “Индияға” айналып бара жатыр”-деді, бір сөзінде. Десе, дегендей!
Қоңдыкер ЕЛЕУОВ
“СЫРЫМ ЕЛІ”