Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев: «ӘР ОТБАСЫНДА ЖАҒДАЙ ТҮЗЕЛУ КЕРЕК»

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев: «ӘР ОТБАСЫНДА ЖАҒДАЙ ТҮЗЕЛУ КЕРЕК»
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев:
«ӘР ОТБАСЫНДА ЖАҒДАЙ ТҮЗЕЛУ КЕРЕК»
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиевтің Сырым ауданына сапары Қособа ауылында жалғасты. Мұнда өңір басшысы су тасқынының алдын алу үшін жасалған бөгетті қарады. Округтің төтенше жағдайға дайындығын қадағалады.
Қособа ауылында «Ауыл аманаты» бағдарламасының жүзеге асырылуын талқылау мақсатында облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің төрағалық етуімен облыстық жиын өтті. Кеңеске Сырым, Қаратөбе аудандарының аудан, ауылдық округ әкімдері, облыстық басқарма басшылары, Сырым аудандық мекеме басшылары қатысты.
Сырым ауданының экономикалық-әлеуметтік дамуы жайында бейнебаян кеңеске қатысушылар назарына ұсынылды.
Аудан бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов баяндама жасады.
– Ауданымызда 21 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі болса, оның 8-і «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша, 7 АШӨК жеке тұрғындардың малдарын асылдандыру бағытында жұмыстануда. Қалған 6 АШӨК мүшелерінің тарап кетуіне байланысты жұмыстары тоқтап тұр. Қазіргі уақытта «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ашылған сүт бағытындағы 2 АШӨК бір жылда 4,5 мың тонна сүт өндіріп отыр. Сонымен қатар «Менжан Агро» АШӨК 5 000 мың бас қаз өсіріп, 9 тонна ет өнімін жәрмеңкелерге және Орал қаласындағы сауда нүктелеріне саттыққа қойды. «Сырым Адал Ет» АШӨК 18 бас ірі қара малын бордақыға ағымдағы қойып, 4,5 тонна ет өндірді. Қалған сүт бағытында ашылған 3 АШӨК жылы («Нұр Агро Кооп», «Бірлік – 07» және «Сырым тамақ өндірісі») алынатын төлдеріне байланысты жұмыстарын жалғастыратын болады,- деді Ж.Батырниязов.
Шолақаңқаты ауылдық округінен «Нұрдаулет» ШҚ құны 280 млн теңге құрайтын 800 басқа арналған мал бордақылау алаңын салып, жұмыстарын бастауда. «Ауыл аманаты» жобасына қатысушы «Дәрмен» жеке кәсіпкері (А.Досанова) ет өңдеу ісін қолға алып, шұжық өндіріп, халыққа шұжық өнімдерін ұсынуда. Күніне 30 кг өнім өндірілуде. «Toganas Agro» ЖШС Шолақаңқаты өзеніндегі су қоймасында балық өсірумен айналысады. 2023-2024 жылдар аралығында 100 000 бас (дана) «сазан» (карп), «толстолоб» (күміс тұқы) және «ақ амур» балық шабақтарын суға жіберді. Сонымен қатар, 100 дана бекіре тұқымдас қызыл балықтарын торда өсіруде.
«Ая-Т» ЖК Шолақаңқаты ауылдық округі, Сегізүй нүктесіндегі тоғанда балық өсірумен айналысады. 2022 жылдан бастап тоғанға 7 000 дана «карп» балығын суға жіберді. 2023 жылы 2 200 кг өнім, 2024 жылы 1000 кг өнім алды. Алған өнімін жәрмеңкелерге және Орал қаласындағы сауда нүктелеріне саттыққа шығаруда.
«Ауыл аманаты» жобасымен 1 тұрғын бағбандықпен айналысатын болады. 1 гектар жерге 100-150 түп алма, алмұрт, шабдалы ағаштарын егеді.
Сүтті бағытта «Тоғанас Агро» АШӨК несие алып, 15 ауыл тұрғындарын біріктіріп, сүтті бағыттағы 50 бас ірі қара малын алып, күніне 600 литр сүт өндірумен айналысуды жоспарлап отыр. Бұлан ауылдық округінен «Берекет» шаруа қожалығы 2021 жылы сүт шаруашылығы бағытында жұмысын бастап, Беларусь мемлекетінен 200 бас гольштейн тұқымды сүтті бағыттағы ірі қара малдарын сатып алды. Алынған малдар төлдеп, қазіргі таңда алынған сүтті Орал қаласына тасымалдауда. 2024 жылдан бастап құны 1 млрд теңгеге өз қаражаты есебінен 400 басқа арналған сүт фермасының құрылысын жүргізуде. Ағымдағы жылы 200 бас гольштейн тұқымды ірі қара малдарын сатып алады. Аталған жоба толығымен іске қосылғанда, күніне 4,8 тоннаға жуық сүт сауылып, жылына 1032 тонна сүт өңделетін болады.
Мұның сыртында «Ауыл аманаты» жобасы арқылы сүт шаруашылығы бағыты бойынша несие алған «Агро Холдинг», «Талдыбұлақ Сүт» АШӨК, «Өтебай» шаруа қожалығы (300 млн теңгеге өз қаражаты есебінен 80 бас симментал тұқымды сүтті асыл тұқымды малын сатып алды) және жеке аулалардан сауылатын сүтті қабылдап, күніне 7,1 тонна, жылына 1532 тонна өнім алу жоспарлануда. Өндірістік қуаттылығына шыққанда алынатын өнім: пастерленген сүт – 500 тонна, кефир – 160 тонна, сары май – 65 тонна, сүзбе – 70 тонна.
«Берекет» шаруа қожалығы мал союға арналған алаң салып, ет өнімдерінен жартылай фабрикаттар, шұжық өнімдерін өндіретін орын ашу жоспарлап отыр.
Жеке кәсіпкер Дәурен Жұматаев Шідерті өзені бойынан туризмді дамыту мақсатында, демалыс орнын ашып, жұмыс жасауда. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында «Syrym-fish» АШӨК құрылып, балық шаруашылығын дамыту мақсатында 29 млн теңге несие алу үшін құжаттарын тапсырды, жобасы мақұлданды. Қаржысын алғаннан кейін көршілес Ресей және Өзбекстан елдерінен бекіре мен карп балығының шабақтарын алып, өсіретін болады. 2026-2027 жылдары жылына 8-10 тонна көлемінде балық өнімін алу көзделіп отыр. Кәсіпкер Түркістан облысы, Шардара ауданына барып, балық шаруашылығының жұмысымен танысып, алған тәжірибесін жүзеге асыруға ниетті.
«Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысушы «Меңжан Агро» АШӨК 5000 бас құс алып, өсіріп, өнімін облыс көлемінде саттыққа шығарды. Қазіргі таңда 500 бас қазды жұмыртқасын алу мақсатында өсіруде. Алынған жұмыртқаны Жәңгірхан атындағы аграрлық-техникалық университетінің мамандарымен ғылыми бағытта түрлендіру жұмыстары жүргізілуде.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында 12 адамды «Меңжан Агро» АШӨК-не біріктіріп, құс шаруашылығын дамытып, құс басын кемінде 50 000 данаға дейін арттырып, құс еті мен жұмыртқа өндіру жолға қойылатын болады. Сонымен қатар, қаз балапандарын ауыл тұрғындарына тауарлы несие бағытында ұсынады.
Төрт түліктің өнімдерін кәдеге жаратып, тері мен жүн сияқты шикізатты өңдеу мақсатында ауданымыздың азаматы Нәсіпқали Жылқайдаров «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы АШӨК құрып, тері-жүн өңдеу үшін несие алып, кәсіпті қолға алуды жоспарлап отыр. Кәсіпкердің бұл кәсіп саласында 40 жылға жуық тәжірибесі бар, қазіргі уақытта Орал қаласында аяқ киім және киім тігетін цехтары жұмыс жасауда. Бұл өндіріс цехтары білікті мамандармен толықтай қамтылған. Аралтөбе ауылында жүн-тері қабылдау пункті бар. Барлық ауылдық округте жүн-тері жинақтайтын жауапты адам бекітіліп, олар жинақталған жүн-теріні Аралтөбе ауылындағы қабылдау пунктіне тасымалдайды. Одан әрі шикізаттар Орал қаласындағы «ПОШ Руно» тері илеу зауытына өңдеуге жөнелтіледі.
Осы орайда кәсіпкер Нәсіпқали Жылқайдаров тері, жүн өңдеу цехын ашу жоспарымен, шет елдерден көріп келген тәжірибесімен бөлісті. Мамандарын Тольятти қаласында оқытып жатқанын айтты.
Облыс әкімі Нариман Төреғалиев:
– Ауылдағы малдың үлесінің 70 пайызы шаруа қожалықтарда, 30 пайызы жеке тұрғындарда болса ғана, экономика дамиды. Шаруа қожалықтары субсидия алады. Бізге өндіріс керек. Егер картоппен де, сәбізбен де әр аудан өзін-өзі қамтып, Орал қаласынан тасымалдамайтын болса, көкөністердің бағасы көтерілмес еді. Керісінше, көтерме сауда орындары бағаны түсіреді. Бақша өнімдерін алып-сатудан пайда жоқ екенін ұғынып, басқа өндіріспен айналысады,-деді.
Алғабас ауылдық округінің әкімі Өркен Әменов, Аралтөбе ауылдық округінің әкімі Әділхан Мұхитов, Талдыбұлақ ауылдық округінің әкімі Айдынғали Балғалиевтер «Ауыл аманаты» бағдарламасының округтерде жүзеге асырылуы жайында баяндама жасады.
Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев баяндама жасап, ауданның дамуы мен «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында жасалған жұмыстарды таныстырды. «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға 46 адам ниет білдірген. 11 га ұжымдық бақша, 19 га далалық бақша егілді. «Қазанат» АШӨК биогумус шығарып отыр. «Қоскөл-23» АШӨК 5000 орама шөп сатып, 12 млн 500 мың теңге пайда түсірген. Аудан орталығында кооператив жоқ, Қаратөбеден округтерге үлгі болатын бір АШӨК құру жұмыстары жүргізілуде. «Ибраһим-22» АШӨК бау-бақшамен айналысады, енді құс шаруашылығымен айналысып, лизингке техника алуды жоспарлап отыр.
Батыс Қазақстан облысының ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Жасұлан Халиуллин «Ауыл аманаты» бағдарламасының облыстық деңгейде жүзеге асырылуын баяндады. Жасұлан Жолдыбайұлы 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түліктермен аудан өзін-өзі қамту үшін қанша көлемде өнім өндірілуі керектігін талдап айтты.
Сондай-ақ, Қаратөбе, Сырым аудандарының округте қандай ауыл шаруашылық кооперативін құруға болатынын, өткен жылдарда аудандарда «Ауыл аманаты» бойынша берілген несие көлемін атап өтті. Халықтың әл-ауқатын арттыруға арналған бағдарламаға мейлінше көбірек қатысуға шақырды. Сырым ауданы «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша қаржыны игеруде алғашқы үштікте болғанымен, бағдарламаға мүлдем қатыспаған ауылдық округтер бар.
Шағын кәсіпкерлік бағытындағы жобаларға шетелдердегі түрлі техника мен құрылғылармен танысып келген Батыс шаруалары қоғамдастық бірлестігінің төрағасы Нұрлан Рахымжанов сөз сөйледі.
– Тәжірибе жинап, үйрену мақсатында Қытай, Қырғызстан, Ресей, БАӘ елдерін, басқа облыстарды аралап келдім. Қызылорда облысының Жаңақорған ауданы жылқысы мен сиырын жазда үйде ұстайды. Себебі, оларда далада шөп жоқ. Олар күріштен бөлек, ұжымдық шөп егеді. Мектеп қабырғасындағы әр балаға дейін жоңышқаны қалай егуді біледі. Жаз бойы жоңышқа егістігінде жүреді. Әр отбасына бір гектар жерден берілген. Сол жерден жылына екі рет, кейде судың шығуына қарай үш рет өнім алады екен. Сырдарияның суымен түгел ауылды шөппен қамтып отыр. Артылған шөпті Түркістан, Шымкент облыстарына сатады. Ал, Шымкенттің жігіттері сиырдың көңін биогумус ретінде келісін 105 теңгеден Қытайға шығарғанына куә болдым. Сұйық биогумусты (малдың кіші дәреті) литрлеп сатты. Қытайлар биогумустың құрамын сұрап, таласып жатыр. Сол жерде АШӨК төрағасы үлкен көлемде тапсырыс алып, «Хоргосты» түгел көгалдандыру үшін биогумусты Шымкенттен алуға меморандумға қол қойды. Ал, біз оны далаға төгіп жатырмыз. Үйге гүл отырғызуға сауда орындарынан биогумус алатын болсақ, оның бәрі Ресейден, Израильден келіп жатыр. Шымкент одан бөлек Ауғанстан, Пәкістанға картоп пен пияз шығарып отыр. Ал, біз өзімізді қамтамасыз ете алмай отырмыз. Шымкенттіктердің жүйесінде қарапайым ауылда жүрген шаруа құжатпен, субсидиямен басын қатырмайды екен. Олар кооперативке біріккен. Кооператив төрағасы Халықаралық Сауда орталығы (Центр Международных Торговлей) деген үлкен қауымдастық құрған, оның төрайымының міндеті министрліктердің табанын тоздыру, құжатпен айналысу, көрші мемлекеттерге барып сұраныс іздеу. Мұның бәрін көріп келгеннен кейін ауылшаруашылық кооперативтерін, қауымдастық құруды, оларға құқықтық көмек көрсетуді жөн көрдім. Біздің облыста бірнеше кооперативтің жұмысы тоқтап тұр, оның себебі құжаттарды дұрыс жүргізе алмағандықтан деп ойлаймын. Заңгер, есепші, агроном, технолог секілді мамандар қажет. Агроном жерді өңдеуді бір көрсетіп берсе, әрі қарай жыл сайын дәл солай жалғастыра беруге болады. Технологқа сұраныс өте жоғары. Оған кем дегенде 500 мың жалақы төлемесе, ауылға келмейді. Басқа жерде жасай берсін, мысалы, үш кооперативке нанның рецептісін дайындап беріп кетсе, әрі қарай жұмыстануға болады. Үш ауыл бірігіп, бір наубайхана ашса, үшеуін бірдей 100 пайыз нанмен қамтамасыз етуге болады. Үш округті түгел жұмыртқамен қамтуға бір кооператив жарайды. Шөп дайындауды да осылай кооперативтер бөліп алса, нұр үстіне нұр,- деді Нұрлан Ерболатұлы.
Келелі кеңесті облыс әкімі Нариман Төреғалиев қорытындылады.
– Біріншіден, екі ауданның басшыларына айтарым, көрсетілген слайдты округ әкімдерімен не істеу керек, қай бағытты қолға алу керек, толық талдау жасаңыздар. Екіншіден, халықтың табысын санау керек. Табыс жан басына шаққанда 50 мың теңгеден келсе, отбасының табысы аз. Біздің міндетіміз — мұндай отбасылардың табысын көтеру. Қай ауылдық округтердің әкімі жақсы жұмыс істейді, соны шет мемлекеттерге үйреніп, тәжірибе жинақтауға іссапарға жібере аламын. Тек ауылға пайда әкелетін болсын. Жүріңдер, ізденіңдер, жатпаңдар. Біздің халық бай болуы керек. Әр отбасында жағдай түзелу керек. Мысалы, Бәйтерек ауданы құлпынай өсіріп жатыр. Щапов ауылында бір азамат 200000 түп голланд қызғалдағын егуде. Оны ертең 8-наурыз мерекесіне қарсаңында бір талын 500 теңгеден сатады. Осы секілді кәсіппен халық айналысуы керек. Бүгінгі айтылғандарды жүзеге асырып, келесі жиналыста қорытындысын көрсетейік!-деп сөзін аяқтады Нариман Төреғалиұлы.