«АНА ТІЛІНДЕГІ» СҰХБАТ — АШЫҚ ӘҢГІМЕ АЛАҢЫ

«АНА ТІЛІНДЕГІ» СҰХБАТ — АШЫҚ ӘҢГІМЕ АЛАҢЫ
«АНА ТІЛІНДЕГІ» СҰХБАТ — АШЫҚ ӘҢГІМЕ АЛАҢЫ
Мемлекет басшысының «Ана тілі газетіне берген «Мақсатым —экономиканы және егемендікті нығайту» атты сұхбаты жайында әлеуметтік желілерде қызу талқыланып, пікір айтылуда. Сұхбатты жүргізген әріптесім — «Ана тілі» баспасөзінің бас редакторы Ерлан Жүніс. Мемлекет басшысымен ашық алаңда халық көкейінде жүрген сұрақтар мен жауаптар көрініс тауып, түйіндер тарқатылыпты. Тақырып та дәл тауып қойылып, Президенттің барлық айтқысы келген ойын сыйғызып тұр екен. Елдің дамуы үшін алдымен, экономика өрлеуі керек, ал, экономиканы өсіреміз деп Тәуелсіздігімізді, тектілігімізді өшіріп алмауға тиіспіз.
Қасым-Жомарт Кемелұлының «Ана тілі» газетіне, қазақ тілді басылымға сұхбат беруінен егемендігімізге, халыққа, тілге, деген биік құрметін көреміз. Сұхбаттың халық жүрегінен орын ала білгенінің бір себебі осында жатыр.
Мемлекет басшысы өткен жылы елімізде бірқатар реформалардың жүзеге асқанын, соның ішінде «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы әр баланың шотына төлем түсіп жатқанын айтты. Бұл бұрын-соңды болмаған тарихи бастама.
Қарғын судың салдарынан зардап шеккен қазақстандықтарға көмек берілгені, су тасқынының алдын алудағы олқылықтардың орны толтырылып, Парламентте жаңа Су кодексі қаралып жатқанын мәлімдеді.
Желтоқсан айының соңында орын алған ұшақ апатын да Тоқаев тілге тиек етті. Құтқарушылар, дәрігерлер мен тәртіп сақшылары шұғыл әрі үйлесімді әрекет етті, кәсіби деңгейі мен азаматтық жауапкершілігі жоғары екенін көрсеткенін атап өтті.
Сұхбатта доллар бағамы өсуінің ұлттық валютамызға әсері, Қаңтар оқиғасы, Тұңғыш Президент жайындағы пікірлер, Қазақстанды Парламенттік басқаруға көшіру, заң мен тәртіп, Талғардағы оқиға, жасанды интеллект, Ресеймен қарым-қатынас, басқа да көптеген үлкен сұрақ белгісі тұрған мәселелерге ашық жауап берілген. Қасым-Жомарт Тоқаев қорытынды сөзін «Бұл сұхбатты елге терең ой салу және биылғы жұмысымызға тың серпін беру үшін отандастарыма жолдаған арнайы үндеуім деуге болады»,-деп түйіндеді.
Шынар МОЛДАНИЯЗОВА,
«Сырым елі» қоғамдық саяси газетінің жауапты хатшысы,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі.