ДЕБАТ: ОЙ МЕН БІЛІМ БӘЙГЕСІ
Ж.Досмұхамедов атындағы мектеп-бөбекжай балабақша кешенінің “Жаһанша пікірі” дебат клубының ұйымдастыруымен 6-7 сынып оқушылары арасында «Ұшқыр ой алаңы» дебат турнирі өтті.
Бүгінгі күні балалардың балалығын смартфон жұтты деп алаңдаймыз. Оған келісуге болады. Себебі, педагог ретінде гаджеттерге тәуелді жас ұрпақтың ойын жеткізуге келгенде тілі жұтаң, шорқақ, топ алдында жасқаншақ екенін байқап жүрміз. Жасқаншақ баладан қалай жалынды жас тәрбиелеп шығарамыз? Міне, дебат ойыны осының жолдарын ұсынады. Дебат – оқушылардың ой-өрісін дамыту, аналитикалық ойлау және қоғамдық мәселелерге қатысты терең пікірталас жүргізу дағдыларын қалыптастыратын өнер.
Оқушыларға пікірлерін ашық және нақты жеткізуге, көпшілік алдында сөйлеу шеберліктерін арттыруға мүмкіндік беретін «Ұшқыр ой алаңы» дебат турнирі әртүрлі кезеңдерден тұрып, қатысушыларға өз идеяларын қорғау үшін түрлі тақырыптар ұсынылды. Әр румда командалар кез келген қоғамдық, экономикалық немесе әлеуметтік тақырыпта пікірталас жүргізіп, қарсыластарының аргументтерін жоққа шығаруға тырысты. Командаларға арнайы төрешілер бекітіліп, олардың сөйлеу өнері, дәлелдерді жеткізу әдістері, логика және қатысушының ашықтық деңгейі бағаланды.
Турнирдің соңында үздік командалар мен спикерлер марапатталды. Турнирдің ерекшелігі кіші буын арасынан үш бірдей жаңа фракцияның тұсауы кесілді
Назгүл МУСТАФИЕВА,
дебаттан халықаралық деңгейдегі төреші,
Ж. Досмұхамедов атындағы мектеп – балабақша – бөбекжай кешені