Заманының аңызы болған болған Бауыржан Момышұлы жайлы «Ақиқат пен аңыз» атты роман жазған Әзілхан Нұршайықовтың өзі де майдан көрген кісі – тін:
- Біздің 100-ші және 101-ші атқыштар бригадасы деген тек қана қазақтың 18-19 жастағы жастарынан Алматы мен Ақтөбеде жасақталған Калинин майданындағы соғыстарда Великие Луки, Невель сияқты қалаларды жаудан азат етуге қатысқан жауынгерлер еді. Мені бригаданың саяси бөліміне шақырды, ол кезде жауынгерлердің рухын көтеру үшін ылғи патриоттық өлеңдер жазып, майдандағы газеттерге жариялап тұратынмын. Бригадамызда қазақ тілінде шығатын «Сталин үшін, алға!» деген газетіміз болды» - деп сұхбат беріпті кейін Әзағаң бір басылымға. Міне, сол 101 атқыштар бригадасында автомат көтеріп жүрген жауынгердің бірі Ғазез еді.
«Әзілхан Нұршайықовпен қарулас болдым!» - деп бірауыз айтқаны болмаса, от пен оқтың ортасынан келген Ғазез Қарағойшиев басқа уақытта «Мен майданда мынадай ерлік еттік. «Махаббат қызық мол жылдарды» жазған жазушы – менің майдандағы жолдасым. Біздің көрмегеніміз жоқ!» - деп көсемсіп әсте көрмепті.
Балаларына бар айтатыны: «Адам болыңдар! Бақытты да, дәулетті де еңбектен іздеңдер! Бардың қадірін біліңдер!» - дейтін. Майданнан кейін мылтығын таяққа ауыстырған қойшы әкесінің осы сөзін Марат кітаптың сөзіндей жаттап өсті.
Марат Қарағойшиев 1984 жылы әскерден келді. Керзі етікпен кердеңдей басып, армияның арынымен жастықтың базарын аралап әлі жүре тұруға болатын еді. Бірақ, әкенің «Бақыт та, дәулет те еңбекте!» - дегеніне итағат етіп, гимнастеркасын екі бүктеп лақтырды да, сол кездегі ХХІІ партсъезд атындағы кеңшардың кеңсесіне келді. Жалаудай желбіреген жігітке жұмыс табыла кетті.
Гүж – гүж етіп оталып тұрған «ГАЗ – 53» - тің тізгіні бұйырды Маратқа. Кейін ферма меңгерушінің көлік жүргізушісі болды, агрономды қырдың ана басы мен мына басына тасыды. Қызыл ту жығылып, үкімет ыдырағаннан кейін Жымпитыдағы көпсалалы коммуналдық мекемеге жұмысқа тұрды.
2003 жылы Марат Қарағойшиев Сырым ауданы әкімі аппаратына жұмысқа шақырылды. Міне, биыл 21 – інші жыл Мәкең әкімдікте көлік жүргізушісі болып еңбек етіп келеді.
- Ең әуелі бірқатар жыл аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарған талапшыл басшы, қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтің ардагері атанған аға буын Жолдыбай Батырниязовпен жұмыстас болдым. Тәуелсіздіктің елең – алаңынан өтіп, «Ауыл жылы» жарияланған уақыт. Округтердегі әлеуметтік нысандар бүтінделіп, ауылдың тамырына қан жүріп жатты. Шаммен отырған үйлер болды сол уақытта. Бәріне де тұрмыстың игілігін жеткізу керек. Әйтеуір, әкім орынбасарының сұр «Нивасына» тыным жоқ. Сол кезде Сырым даласының жаңа замандағы «қайта оянуына» куә болдық. – дейді Марат аға.
Кейін Марат Ғазезұлына ауданның №1 мемлекеттік қызметкері – аудан әкімінің жеке жүргізушісі болу ұсынылды.
Марат Қарағойшиев 2013 жылдан бері Сырым ауданын басқарған Руслан Сапарғалиев, Абат Шыныбеков, Төлеген Төреғалиев секілді әкімдердің жеке жүргізушісі болып етті. Руслан Қайыржанұлы Мәкеңді көлігін тізгіндейтін қызметкер емес, аға тұтты. Ал, қоғамда жүрсе идеолог, қорада жүрсе аграрияның адамы болып еркін көсіле беретін Абат Шыныбековпен қызметтес болу бір ғанибет. Халықпен жиі кездесетін, қоғамдық – саяси, мәдени – спорттық шараларды жиі ұйымдастырады. Жымпитыға Шешенстан, Оңтүстік Корея мен Жапониядан мейман алдыратын осы – Шыныбеков. Сан сапардың жолында Маратпен қалай дос, жолдас болып кеткенін білмей де қалды Абат мырза. Кейін Абат Шыныбеков басқа қызметтерге ауысты, жоғары лауазымдарға көтерілді. Бірақ, Маратпен достығының мұрты бұзылған жоқ.
Төлеген Төреғалиевтің кезінде Сырым ауданы шын мәнінде қазақ руханиятының ордасына айналды. Жолай өткен жақсылардың бәрі Алаштың қазығы қағылған жұрт қой деп Жымпитыға аялдайтын. Олардың алдарынан жаңа ғана алашордашылардың жиналысынан тұрған адамдай бекзат түрмен, түбіт мұртының түгін екі жаққа қайырып жіберіп Төлеген Төреғалиев шығады. Қасында Мараты бар.
Мәкең қызмет бабында талай танымал тұлғалармен жолықты. Қара өлеңнің қара жорғасына айналған Қадыр ақынның туған жеріне деген талай сапарына куә болған. Халықтың ортасындағы найзағайлы кезін де көрді. Өзі құралыптас әдебиет адамдарымен көліктің кабиніндегі сыр тұнған сұхбаттарды құлағымен естіді.
Әулие Әбіш Кекілбаев та Жымпитыға Марат Қарағойшиевтің көлігімен келген.
- Асанәлі Әшімов пен зайыбы Бағдат ханымға да қызмет еттік. Сырымның тойына келген қазақ айтыс өнерінің реформаторы Жүрсін Ерманды да қарсыладық. Жүкең қызыл тілі қылыштай, қуақы, сөзге жомарт адам екен. Тапбермеде айтқан қалжыңдарын есіме алсам әлі күлкім келеді. Әр түрлі мамандық, сан салалы қызмет бар. Бәрі де бір күні қалады. Ал, жақсы адамдармен жолыққаның, жақсы сөз естігенің өміріңе азық емес пе? – дейді. Соған қарағанда, Марат мырза көліктің тізгінінде келе жатып естіген жақсы сөзін, жүздескен жандарының бейнесін көңіл дәптеріне түртіп жүретін болса керек.
Әкімнің көлігін жүргізу – аса жауапты жұмыс. Демалыс деген жоқ. Тәуліктің кез – келген уағында телефон шылдыр ете түссе, бес – он минуттан кейін көлігіңмен басшының қызметінде тұруға тиіссің. Қызмет барысында бір шаруа үйлеседі, бір шаруа үйлеспейді. Кей кездесу жиындардан кейін әкімдердің көлікке шұғыл мініп, есігін тарс жабатын кездері болады. Сыралға жүргізуші басшы үшін күннің ауыр болғанын, ойға алған істің қиюы келмей жатқанын іштей сезіп отырады.
- Өзіме қоятын бірінші талабым – тазалық. Әкім – биліктің ғана емес, халықтың бейнесі. Соған бәріміз де сай болуға тиіспіз. Күймемді таза ұстауға тырысамын. Түнімен балшық кешіп, егіннің басы мен шабындықты аралап келсем де, таңға дейін көлікті жуып, дайындап қоямын. Себебі, келесі күні қандай тапсырма күтіп тұрғанын білмейсің.
Екіншіден, өзімнің киіміме мән беремін. Кеңседе отырмасам да, жағалы көйлек пен шалбарымды тастамаймын. Көлігім – менің кеңсем! – дейді Марат мырза.
Марат Қарағойшиев Сырым ауданының округтер мен округтерді, ауыл мен ауылды байланыстыратын барлық жолды, ой мен қырдың арасындағы өткелдерді, өзенді, көлді, сайды, жыраны тегіс жатқа біледі.
- Сырым ауданының картасы менің миымда! – деп күледі өзі.
Қызметіне адалдықтың бір көрінісі мынау дер едік. 2024 жылдың наурызында Өлеңті ауылындағы бірқатар үй суға кетті. Үйінің қабырғасы құлап, малы қырылған адамның бірі – Марат.
28 наурыз күнгі Жымпитының келбетін көру қиын. Су бәрін жайпап кеткен. Мараттың да қарашаңырағы қара судың астында қалған. Бірақ, Мәкең түк болмағандай әріптестерімен бірге жұмыста жүрді. Төтенше жағдай уағында үйінің емес, елінің жайын ойлады.
Ұзақ жыл әкімнің көлігін тізгіндегені үшін болар, ел Мәкеңді «әкім Марат» - деп кеткен. Марат ағамыз ондайға өкпелемейді де, бәлсінген де емес.
Марат Қарағойшиев бүгінде Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязовпен әріптес. Жас басшыға ақылшы аға ретті. 2000 жылдары Жолдыбай Жаңатауұлының жеке жүргізушісі болған Марат мырза қазір оның ізбасарын әке жолымен алып жүр.