СУ ҚАЙДА?

СУ ҚАЙДА?
СУ ҚАЙДА?
Кешегі апта Қособа ауылдық округінің әкімі Бейімбет Жайманов ауылдастарымен есептік кездесу өткізді. Жиналысқа Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов қатысты.
- Жымпитыдан Қособаға ауыз су келеді деген? Үй – үйге тартылады дегенді естіп қуандық. Құбыр салынды деп естідік, үйімізге сарылдап келген су көрінбейді. Су қайда? – деген сауал кездесудің негізгі тақырыбына айналғандай. Сұраққа Сырым аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы Артур Искаков жауап берді.
- Иә, Кеңащы су кен орынынан Жымпиты ауылына су тарту жобасы – тарихи жоба. Жымпиты арқылы Қособа ауылына да мөлдір, таза ауыз келе жатыр.
Қособа ауылдық округін ауыз сумен қамту жобасы - екі жылдық жоспар. Жұмыс былтыр сәуір айында басталып, бірақ ауа – райына байланысты ерте тоқтады. – дейді бөлім басшысы.
Белгілі болғандай мердігер «СМУ Шығыс» ЖШС межесін әлі қуып жетпепті. Биыл тамызда тапсырылуға тиіс нысан тұралап тұр. Жымпитыдан Қособаға қарай 27 шақырым құбыр салынған. Ауылішілік жұмыстар қар – жаңбырмен жағаласып басталмаса екен деп ел отыр.
- Тамызды қабылдауға тиісті нысанымызды мердігер уақытында аяқтамады. Оған себеп көп. Іс созылып кетуіне жабдықтардың уақтылы келмеуі, еңбек ресурсының тапшылығы әсер етті.
Қаражет елдікі, жоба халық үшін басталды. Сондықтан Сырым ауданы әкімдігі мердігерге қатысты жосықсыз өнім беруші ретінде тану, яғни жауапсыздығына шара қолдану, жұмысты міндеттеу және кешіктірген әр күні үшін өсімпұл қою жөнінде сот органдарына талап – арыз жолдады. 3 сот процесі өтті. Біздің тараптан әлі қаржы аударылған жоқ. – дейді Артур Искаков.
Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов халықтың игілігі үшін қолға алынған жұмыс тиянағына жетеді деп уәде берді. Тұрғындар Жымпиты – Қособа бағытындағы кіреберіс автожолдың құрылысын да ыждағаттау, су тару кезінде ауыл көшелерін бүлдірмеу, су құдықтарын талапқа сай орналастыру туралы мәселе көтерді.
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
Сырым ауданы