ТРОТУАР САЛЫНА МА, ӘЛДЕ ЗИРАТ ҚОРШАЛА МА?
Әкімдердің халықпен кездесу жиыны аудан орталығы Жымпитыда өтті. Жиынға аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов пен ауылдық округ әкімі Мейрам Қайырғалиев, аудандық мекеме, бөлім басшылары, тұрғындар қатысты.
Ауыл әкімі 2023 жылдың өткен тоқсанында атқарылған жұмыстар және алда тұрған міндеттер туралы хабарлады. Мейрам Нұрмағанбетұлының айтуынша, өткен кездесулерде айтылған ұсыныстар шешімін табуда. Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің ауласындағы хоккей алаңына жөндеу жүргізу туралы аудандық білім беру бөлімі хабардар. Жымпиты ауылының шетінен мал суаруға арналған бөгет Қособа, Қарасу бағытынан қазылса, бұл жұмыстар келесі жылы да жалғасын табады. «Балдырған» балабақшасының алдына автотұрақ жасалды. С.Датов көшесіндегі базар алаңына бордюр орнату және арнайы белгі қою жұмыстары толығымен аяқталды. Саралжын елді мекеніне ауыз су тарту үшін құрылыс жұмыстары басталды. Өлеңті өзенінің жағасына топырақ төселіп, жағалау биіктетілді. Өлеңті ауылында медпункт салынып, бүгінде тұрғындар игілігін көруде. Жымпиты ауылынан күрес залы салынуда. «Бұлан» ШҚ кемпинг салып жатыр. Мешіттің қасынан демеушілер арқылы саябақ салынуда.
Ауыл тұрғындары үшін өзекті мәселе – жарықтың жиі сөнуі. Бұрын тек алыс елді мекендер электр жарығына шағым айтатын болса, бүгінде аудан орталығындағы жағдай да мәз емес. Тұрғындар жарықтың ешқандай жел, жаңбырсыз да жарықтың өшіп қала беретіні туралы базынасын білдірді. Ауыл әкімі электр сымдары мен бағаналары біртіндеп, көше-көше бойынша ауыстырылып, жөнделетінін айтты.
Жымпитылықтар үшін шешімін таппай келетін мәселе – ауыл ішіндегі және ауыл сыртындағы үлкен зиратты қоршау. Зираттарды қоршауға келгенде тұрғындар пікірі екіге жарылды. Бірі – тұрғындар болып жұмылып, қаржы жинап қоршайық десе, енді біреулері зиратты қоршау үшін бюджеттен ақша шығару керек деген пікірде. Бұл ұсынысқа қатысты әкімдер ақылдасып, бір шешімге келетінін айтты.
Айта кетейік, ауыл ішіндегі кіші қауымды қоршауға 13 млн, ауыл сыртындағы үлкен қауымды қоршауға 34 млн теңге қаржы қажет екен. Ауыл азаматы, блогер Мейрамбек Кеңесов зираттарды қоршау үшін қаржы жинауды қолға алғанымен, әзірге жиналған сома 311 мың теңге ғана екен. Ауыл әкімінің сөзінше, зиратты бюджеттің қаржысымен қоршасақ, бірер жылға дейін аудан орталығындағы тротуар салу, басқа да жұмыстар тоқтап, кейінге шегеріліп қалады.
Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мүсірбек Айташев ауылдастарын зираттарды қоршауға бірлікпен қаржы жинауға шақырды, аудандық «Сырым елі» газетіне бұл жөнінде үндеу жарияланатынын жеткізді.
Тұрғындар Қарасу мөлтекауданында жаңадан салынып жатқан үйлерге жол, Қ.Мырзалиев атындағы мектептің алдына автотұрақ, С.Сейфуллин, У.Шоқанов, Х.Есенжанов көшелеріне тротуар, жарықтың жиі сөнуі, Өлеңті өзенінің тазалығы, С.Датов көшесіне жүк көліктерін жүргізбеу туралы белгі орнату, Күсепқалиев көшесіне жол, тротурар, жарық қажеттігі, тағы басқа мәселелерді көтерді.
Ауыл әкімі М.Қайырғалиев жол, тротуар салуда алдымен халық көп шоғырланған көшелерге басымдық берілетінін айтты. Келесі жылы ауылдың бірқатар көшелеріне тротуар салу жоспарланып отыр. Әйтеке би, М.Маметова, Ә.Молдағұлова, Қ.Сағырбаев, У.Шоқанов, С.Сейфуллин, Е.Сатаев, Қ.Сүйірбаев, Оспанов, Байжанов, Қолғанатов, Әбілхайыр хан, көшелеріне, Казсельхоз мөлтекауданынан аспалы көпірге дейін, Өлеңтінің Тәжібеков, Ташаев, Үмбетов, Өтемісов көшелеріне тротуар салынады. Одан кейін Өребаев, Б.Момышұлы көшелеріне жаяу жүргінші жолын салуға жобалық-сметалық құжат жасақталады.
Жиынды қорытындылаған аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов: «Тұрғындардың жеке бастың мәселесін күйттемей, елдің ортақ мәселесін алға тартқандарыңызға алғысымды білдіремін. Көтерілген мәселелер бойынша іс-шаралар жоспарын жасақтап, жұмыстанамыз. Президенттің жарлығына сәйкес әкімдердің халықпен кездесуі келесі жылдан бастап тоқсан сайын емес, алты айда бір өтетін болады. Зираттарды қоршауға қатысты елдің алдында үлкен таңдау тұр. Жоспарланған жобалардан бас тартып, зираттарды қоршаймыз немесе жобаларды іске асырсақ, зират бюджет есебінен қоршалмайтын болады»,- деді.