АУДАНДА АЛҒАШ РЕТ «ALAQAN» ЖҮЙЕСІ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Бүгін ауданымызға Алматықаласынан «Technology Box» ЖШС-нің басқарушы директоры Тимур Ахметов келіп, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Досжан Тайшиевпен бірге Қ. Мырзалиев атындағы орта мектепте болды.
Жуырда Қ.Мырзалиев атындағы орта мектебіне өңірде алғаш рет 32,4 млн теңгеге орнатылған турникет қойылды. Бұл жобаның ішінде төрт мектеп пен балабақшаға соңғы үлгідегі цифрлық камералар, дабыл түймелері орнатылды. Тимур Мирболатұлы турникеттің жұмыс жасау жүйесін түсіндіріп, үйретті. Мұндай «Alaqan» жүйесімен жасайтын турникет бұған дейін республикада төрт мемлекет меншігіндегі мектепке қойылған. Олар – Астана, Ақтөбе, Алматы, Қызылорда қалаларындағы мектептер. Сырым ауданындағы Қ.Мырзалиев мектебі еліміздегі бесінші мектеп болып отыр. Бұл жүйені отандық ІТ мамандар ойлап тапқан.
Енді оқушылар мектепке алақанды сканерлеу арқылы кіріп-шығатын болады. Автоматты түрде алақаны туралы биометриялық ақпаратты базаға енгізіп, арнайы тіркеуден өткеннен кейін, оқушылар құрылғыға алақанын көрсетсе, жабық тұрған турникет ашылады. Турникет әр оқушының алақаны мен тамыр суретін танып алады. Алақанды құрылғыға жақындатқанда, күзетшінің алдындағы монитордан оқушының суреті шығады.
«Аlaqan» жобасы Қ.Мырзалиев атындағы орта мектептің кіре берісіне, кітапханасына және асханасына орнатылды. Қазір білім ордасында базаға тіркелу жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Кіре берістегі «Alaqan» мектепке бейтаныс тұлғалардың кірмеуіне және қауіпсіздік үшін маңызды. Мұғалімдердің де жұмысқа келу және кету уақыты осы алақанды сканерлеу арқылы анықталып, оны мектеп әкімшілігі көріп отырады.
Кітапханадағы «Alaqan» жобасы арқылы картотека базаға енгізіліп, қағаз жүзіндегі оқырман картотекасын алмастырады. Қай баланың қандай кітап алғанын, кімде қай кітап артық екенін білуге болады. Балалар кітапты алақанын көрсету арқылы кітап ала алады. Оқу жылының соңында кітапханашы оқушының тапсырған оқулықтарын біліп отырады.
Асханада тегін тамақтанатын балалар да алақан тосу арқылы асханаға кіре алады. Ал, асханадан ақылы тамақ ішкісі келетін оқушылар алақанмен ақшасын да төлейді. «Kaspi.kz» қосымшасы арқылы «Alaqan» қосымшасына ақша салып отыруға болады.
Ата-ана «Alaqan» қосымшасын телефонына жүктеу арқылы баласының мектепке сағат нешеде кіргенін, қашан тамақ ішкенін, қанша теңге жұмсағанын, мектептен нешеде шыққанын бақылап, көре алады. Баланың барлық әрекеттері жөнінде ата-ананың ұялы телефонына хабарлама келеді. Баланың тамаққа ақша жұмсау кезінде ата-ана денсаулыққа зиянды, чипсы, кола секілді тағамдарды сатып алуына, ақша төлеуіне қосымша арқылы тыйым сала алады. Бұл жүйе буллингке қарсы әрекет етеді. Мысалы, ата-ана баласына күніне өзі ғана жеуге екі бәлішке рұқсат етіп, әлімжеттік жасайтын басқа балалар үшін артығын алмауына шек қоя алады.
Тимур Ахметов: «Жүйе тек қан айналымы бар жанды алақанды оқиды. Алаяқтық жасап, жүйені алдауға бола ма деп тексеріп көрдік. Базада тіркелген алақан қанша мықты, анық суретке түсірілген, алақанның әрбір сызығы мен кедір-бұдыры толық бедерленген, түрлі түсті принтерден шығарылған болса да, жансыз бейнесін оқымайды»,- дейді.