Әр мамандықтың өзіндік қиындығы мен қызығы, ерекшеліктері бар. Есеп-қисапқа, санға толы қаржыгер мамандығы кез келгеннің қолынан бермейтіні анық. Әсіресе, мемлекеттің қаржысына келгенде, жауапкершілік екі еселенеді. 15-қараша – Ұлттық валюта теңге күні қаржыгерлердің де мерекесі болып есептеледі.
Осындай айтулы мереке күні қарсаңында өмірі қаржы саласымен бірге өрілген, өз ісінің жілігін шағып, майын ішкен маманы, ауданның бас қаржыгері, аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Муса Кеңесұлы Шалабаевпен жолығып, әңгіме-дүкен құрған болатынбыз.
Кеңесұлы бала Мусадан дана Мусаға дейінгі өмір баспалдақтарын әңгімеледі. Әдетте, адамның қарымы мен қабілеті бір салаға бағытталса, Муса Кеңесұлы тек есепке қана жүйрік емес, әдебиетке де жақын, өлең шығаратын өнері бар екен. Өзінің айтуынша, туған ауылы Өлеңтінің кітапханасындағы барлық кітапты оқып түгесіпті.
Әкесі Кеңес Шалабаевтың шаңырағында он бір бала дүниеге келсе, болашақ қаржыгер соның алтын ортасы – алтыншы бала. Кеңес қарт бұрын шопан, кейін есепші, ферманың шаруашылық меңгерушісі, анасы Закария еден жуушы, аспазшы болды. Осы шаңырақта 1974-тің қаңтарында Муса ағамыз өмірге келіпті.
Қайнаған еңбектің ортасында жүрген Кеңес аға балаларын да жастайынан еңбекке тәрбиеледі. Бала Муса 5-сыныпты бітірген кезінен бастап, шөп шабу науқанында трактордың тіркемешісі болып жұмыс жасады. 9-сыныпта әкесінің қасында құрылыста жүрді. Студент кезінде база майлау жұмыстарын жасады. «Әкем 26 мамыр күні балаларын жұмысқа апарып тастайтын. Содан 29-тамызда бір-ақ келетінбіз. Үш ай демалыстың тек екі күнінде ғана демаламыз. Лагерь дегенді атымен білмей өстік. Әрқайсысымыз өз киімімізді, дәптер-қаламымызды, сабаққа қажеттінің бәрін өзіміз алып жүрдік. Әкеміздің еңбекке деген талабының арқасында бауырларымның барлығы бүгінде өз ісінің шебері болып отыр»,- дейді кейіпкеріміз балалық шағын еске алып.
Муса Кеңесұлы Өлеңті орта мектебін 1991 жылы бітіріп, арманына қанат байлап, оқуға аттанды. Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының экономика факультетінің студенті атанып, дипломын алып шықты. 1996 жылдың шілдесінде аудандық қаржы бөлімінен алғашқы еңбек жолын бастады. Экономист, кейін І санатты экономист, бас маман қызметтерін атқарып, 2000-2002 жылдары аудандық қазынашылық бөлімінің бухгалтерлік есеп секторының меңгерушісі-бас бухгалтері, аудандық жұмыспен қамту және халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің меңгерушісінің орынбасары, 2002-2007 жылдары аудандық салық комитеті төрағасының орынбасары-салық төлеушілермен жұмыс бөлімінің бастығы, құқықтық қамтамасыз ету және өндіру бөлімінің бастығы, ақпараттық технология, салық есептілігі және өңдеу, есеп бөлімінің бастығы, 2007-2012 жылдары салық басқармасының бастығы, 2012 жылы Елтай ауылдық округінің әкімі қызметтерін атқарды. 2012 жылдың тамызынан бері аудандық қаржы және экономика бөлімінің тізгінін ұстап келеді.
Қаржы саласына қалай келгені туралы Муса Шалабаев былайша әңгімелейді:
– Әкем есепші болды. Қаламын құлағына қыстырып алып жүретін. Мен кішкене күнімде жүгіріп келіп, құлағындағы қаламын қайта-қайта алып кетеді екем. Басқа бөлмеге барып, жазып-сызады екенмін. Әкем мені «Осы бала бухгалтер, иә экономист болады»,- деп айтып жүретін. Әкемнің айтқаны айдай келді. Мен мектепті бітірген соң, инженер болғым келіп, құжаттарымды мехфакқа тапсырдым. Сол уақыттарда үйге бір жездеміз келіп, менің қайда оқуға тапсырғанымды сұрады. Жездем құжаттарымды экономика факультетіне тапсырғаным жөн екенін айтып, сөйтіп, экономфактың студенті болдым,- дейді.
Муса Кеңесұлы мектепте оқып жүрген кезінде есепке өте жүйрік болып, математикадан пән олимпиадаларына қатысып жүрді. Бала күнгі арманы – математика пәнінің мұғалімі болу екен. Бірақ, әдебиетті де өте жақсы көріпті. 5-сыныпта Вальтер Скоттың «Айвенго» романын оқыды. 9-сыныпта ауылдық кітапханада оның оқымаған кітабы қалмапты.
Кейін студент кезінде әкесінің қасында есепшінің көмекшісі ретінде машықтық жұмыстан өтті. Шот соғуды шемішкеше шақты. Муса Кеңесұлы қаржы бөліміне жұмысқа кіргенде, ауданға алғаш рет компьютер келді. Сандарды калькулятормен есептеді. Жас қаржыгер ретінде Ерлан Нысанғалиев, Ханым Өтегенова, Абсатырова Марияш, Сания Жұбанғалиева, салық саласында Сағын Жұбанышев, Әділ Жоламановтарды ұстаз тұтты, сол кісілердің мектебінен өтті. Білмегенін үйренді.
Муса Кеңесұлының өмірлік ұстанымы – қай кезде де адал және жауапкершілікті болу.
«Ауданның бас қаржыгерінің бойында қандай қасиеттер болуы керек?» деп сұрағанымызда: «Жұмысын алдын ала жоспарлап, не күтіп тұрғанын болжай білетін көрегендік қасиеті болуы, халықтың сапалы тұрмысы үшін қажетті басым бағыттарға зер сала білуі қажет»,- дейді.
Ауданның барлық қаржысына, бюджетіне бас болып отырған азамат тынымсыз жұмысы жайында:
– Бүгінде аудан тұрғындары толықтай газ, сумен қамтылды. Ендігі кезекте ауылдарға жол салу жұмыстарына басымдық берілуде. Барлық жолдар жасалып болғаннан кейін, абаттандыру жұмыстары кезек күтіп тұр. Бюджетке кіріс көздерін көбейту – мақсатымыз. Соңғы үш жылды алсақ, 2020 жылы ауданға салықтан түскен түсімдер – 580 млн теңге, 2021 жылы 712 млн теңге, 2022 жылы 705 млн теңге. 2023 жылы 1 млрд 56 млн теңге жоспар бойынша салықтан түсуі керек болса, 1 млрд 100 млн теңге көлемінде нақты түсім орындалғалы тұр. 2020 жылға қарағанда салықтық түсімдер екі есе көбейді. Ауданның бюджеті 6,5 млрд теңгені құрайды. Аудан қазынасының қомақты бөлігі жолдар салу мен су тартуға жұмсалуда. Келесі жылы жүзеге асатын жобаларға келсек, Бұлдырты ауылының ауылішілік жолдары, Қособа-Жымпиты жолы салынып аяқталады. Бұлан, Шағырлой ауылдарына кіреберіс жолдарды жөндеуге қаржы бөлу жоспарланып отыр. Бұл жобалар жүзеге асқан соң, одан кейінгі жылдары Жымпиты, Өлеңті ауылдарының ауылішілік жолдары, Аралтөбе ауылының кіре беріс жолы, Талдыбұлақ, Тасқұдық, Жетікөл, Жосалы ауылдық округтерінің жолдары қаржы бөлінуіне орай жөнделеді,- дейді.
Муса Шалабаев басқаратын аудандық экономика және қаржы бөлімінде барлығы 11 адам жұмыс істесе, оның бесеуі – мемлекеттік қызметкер. 3 статист, 1 іс жүргізуші, 1 еден жуушы мен 1 көлік жүргізуші бар. Бөлім басшысы қаржы, есеп саласында 1993 жылдан бері қызмет атқарып келетін Сания Жұбанғалиева, 20 жылдай еңбек өтілі бар Айнагүл Оразаева, Ерлан Галимов, өз ісінің білгіріне айналған жас маман Бағдат Жанболатовтың есімдерін құрметпен атады.
Қаржы саласының қарымды басшысы Муса Кеңесұлының жары Ләззат Қарағойшиева – Ж.Досмұхамедов атындағы орта мектепте бастауыш сынып мұғалімі. Екеуі қос ұл, қос гүл тәрбиелеп отыр. Үлкен қыздары Ақмарал Атырау қаласында жалпы тәжірибелік дәрігер болып жұмыс істейді, тұрмыста. Екінші қыздары Лиза БҚМУ-дің физика-матемаметика факультетінің ІІІ курс студенті. Ұлдары Мүсілім мен Рүстем оқушы.
Аудандағы жұмсалып, игерілген қаржының барлығы Муса Шалабаевтың қолынан өтеді. Өзінің ісіне жауапты қарайтындығы, жоғары кәсібилігі мен еңбексүйгіштігі көптеген маманға үлгі. Мемлекеттің әрбір тиынының халық игілігіне пайдасы тиіп, мақсатты жұмсалуына барын салады.