Оралдағы Сырым ауданының күні “Ақ киіз” тарихи драмасымен шымылдығы түрілсе, кешкілік “Ақ қайың” вокалды-аспаптар ансамблі “Шалқысын әуен” атты концертімен алғашқы күнді қорытындылады.
Жуырда ғана Сырым елінде “Саз әлемі Сырымда” атты вокалды-аспаптар ансамбльдерінің фестивалінде мерейтой иелері қонақ ретінде өнер көрсетіп, көрермендерін бір серпілтіп тастағаны есімізде.
Жарты ғасырлық тарихы бар ансамбльдің ескі, есті әндерін тыңдап, жас күндерін еске алуға келген халық дән риза.
Кеште “Ақ қайың” ансаблі “Ахау, бикем”, “Жігіттер жыры”, “Махаббат мұңы”, “Қайдасың?”, “Құдаша”, “Жан досым”, “Мир не прост” секілді бірқатар 70-80-90 жылдардағы әндерді орындап, халықтың ықыласына бөленді.
Одан бөлек, А.Елшібеков “Жасай бер елі Сырымның”, Н.Байнияз Б.Ширмединұлының сөзіне жазылған қырғыз халқының әні “Оралым”, Камила мен Ерасыл Шайхиевтар “Звездное лето”, Ш.Мұстажапов пен Р.Атауова “Ауылға сағыныш”, А.Жұмагелдиев “Бақ мекен”, С.Әубәкіров “Қазақтарды шетелдік қонақтарға таныстыру”, А.Какимов “Әнші қыз”, А.Байдәулетов “ My heart will go on” , С.Сағидуллин “Shape of my heart” деп әуелетсе, Г.Хусаинова саксофонда “Долгая дорога в Дюнях” шығармасын орындап, А.Мұратова “Сырым батыр” дастанын нақышына келтіре оқыды.
Кеш соңында Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Серік Қайырлиев құттықтау сөз сөйлеп, қала әкімі Миржан Сатқанов атынан алғыс хат табыс етті.