406 БАП ҚОЛДАНЫЛМАСЫН ДЕСЕҢІЗ...

406 БАП ҚОЛДАНЫЛМАСЫН ДЕСЕҢІЗ...
406 БАП ҚОЛДАНЫЛМАСЫН ДЕСЕҢІЗ...
Қазіргі таңда облыстық және республикалық маңызы бар тас жолдардың бойында көліктердің малдарға соғылу оқиғалары жиіледі. Өкінішке орай, қаза тапқан жандар бар.
Көп жағдайда апатқа себеп болушы – босып, қараусыз жүрген мал. Әсіресе, жылқы малы түнгі уақытта көліктің алдына жиі шығады. Трассада келе жатып үйірге «кіріп кеткен» көліктерден адам аман қалуы сирек.
Жылқы малының жылдың төрт мезгілінде де далада қараусыз қалдырылуы, уақтылы түгенделмеуі, жайылымға бағусыз, бақташысыз жіберілуі – міне, қандай оқыс оқиғаларға, көңілді қынжылтатыны – қайғылы оқиғаларға себеп болуда? Осыны ойлай ма екен мал иелері?
Бір жағына, бос, қараусыз жүрген мал – барымташылардың оңай олжасына айналып отыр. Назар аударатын бір жайт, жол көлік оқиғалары орын алған жерде мал иесін анықтау мүмкіншілігі болмай жатады. Себебі малдың таңбалау белгілері жоқ. Яғни, ен салынбаған, сырға тағылмаған. Ресми тілде айтатын болсақ, ауылдағы ағайынның қолындағы малдың дені – есепке қойылып, бірдейлендірілмеген.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 7-1/68 бұйрығы Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидалары, "Ветеринария туралы" 2002 жылғы 10 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабының 38) тармақшасына сәйкес, Ауыл шаруашылығы жануарларының төлі он төрт жұмыс күнінен кешіктірілмей бірдейлендірілуі тиіс.
Нақтырақ айтсақ, бұзаулар, қозылар, лақтар, боталар – туған күнінен бастап жеті күн өткеннен кейін, құлындар – төрт айлық жасынан бастап (таңбалау кезінде), туған күнінен бастап жеті күн өткеннен кейін (чиптеу кезінде) ресми есепке қойылуы керек. Бірдейлендіруді мал иесінің өтініші негізінде жергілікті ветеринариялық ұйым жүзеге асырады.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының «Ветеринария туралы» Заңының 25-бабына сәйкес жеке және заңды тұлғалар жеке қожалығындағы ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруге, жаңадан сатып алынған жануарларды, алынған төлдерді ветеринариялық мамандарға өз мерзімінде хабарлауға міндетті.
Ауылшаруашылығы малдарын уақытында бірдейлендіруден өткізбеу Қазақстан Республикасының «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 406 бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын ескертеміз.
Түнгі уақытта үй жануарларының қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында түліктерге түнгі уақытта жақсы көрінетін жарық шағылысатын таспа байлауды ұсынар едік.
Әрине, аудан тұрғындарына өз малдарын қараусыз қалдырмай бағу керектігін, жеке аулалардағы және қожалықтар иелігіндегі ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіруге, жаңадан сатып алынған жануарлар және алынған төлдер жөнінде ветеринариялық мамандарға өз мерзімінде хабарлауды заңның өзі міндеттеп отыр.