«ОТБАСЫЛЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ҚОҒАМҒА ҚАУІПТІ»

«ОТБАСЫЛЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ҚОҒАМҒА ҚАУІПТІ»
«ОТБАСЫЛЫҚ ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ҚОҒАМҒА ҚАУІПТІ»
Аудандық мәдениет үйінде «Нұр шуағы» қоғамдық бірлестігі мен аудандық полиция бөлімінің әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау инспекторы Данара Ишмұханованың ұйымдастыруымен «Отбасылық зорлық-зомбылық қоғамға қауіпті» атты атты семинар өтті.
Семинарға аудан әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов, Сырым ауданының прокуроры Нартай Байменов, БҚО ІІД ЖПҚб ӘЗЗҚт аға инспекторы, полиция майоры, Диляра Сатарова, облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығының директоры Талшынай Жүніс, аудандық аналар кеңесінің төрайымы Гүлбақша Ерғалиева қонақ ретінде қатысты.
Аудандық мәдениет үйінің фойесінде кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Шараны аудан әкімінің орынбасары Ерболат Ахметов ашып:
– Отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу — қоғамның, көпшіліктің араласуымен жүзеге асатын шаруа. Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясатты қолдау және оны жүзеге асыру мақсатында Сырым ауданы әкімдігі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі аудандық комиссия жұмыс жасайды, -дей келе, отбасы институтын, әйелдерді қолдау мақсатында ауданда іске асырылған жұмыстарды атап өтті.
Сырым ауданының прокуроры Нартай Байменов:
– Семинардың тақырыбы – бүгінгі таңда еліміздің барлық өңірлерінде өзекті мәселе. Тұрмыстық зорлық-зомбылық оқиғалары біздің ауданымызда да болып тұрады. Зорлық-зомбылық болған отбасында әйеліне немесе баласына зорлық көрсеткен адамға полиция қызметкерлерін шақырады, полиция қызметкерлері барғанша екі жақ татуласады. Олар келіп кеткеннен кейін, зорлық көрсетуші «Полиция неге шақырдың, не үшін шақырдың?» деп тиісіп, қайтадан кикілжің басталады. Бұрын жәбірленуші арыз жазып, арыз тіркеліп, іс сотқа жіберілетін болса, қазір полиция қызметкерлері барған үйде жәбірленуші арыз жазбаса да, хаттама толтырылады. Зорлық-зомбылыққа қатысты әкімшілік іс болсын, қылмыстық іс болсын, іс қозғау үшін жәбірленушінің арызы керек емес. Жәбірленушінің бір қоңырауы мен куәгер болса, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылып, сотқа жіберіледі. Сотта айыпталушы жәбірленушімен татуласатын болса, бір рет кешірім беріледі. Екінші рет қайталанатын болса, соттың, заңның алдында тікелей жауап береді. Мұндай жағдайда тараптардың татуласуына, бітімгершілікке келуіне байланысты іс тоқтатылмайды, -деді.
Н.Байменов алты баласын бір өзі өсіріп-өндіріп, оқытып, шаңырақ көтеруіне сеп болған, жалғызбасты әке Бақытжан Қабашевті алғыс хатпен марапаттап, естелік сыйлық табыс етті.
БҚО ІІД ЖПҚб ӘЗЗҚт аға инспекторы, полиция майоры, Диляра Сатарова отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты заңнамалық өзгерістерді түсіндірді.
Облыстық тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығының директоры Талшынай Жүніс өңірде зорлық-зомбылық көрген аналардың мекен ететін дағдарыс орталығының жұмыс жасайтынын, орталық әйел-аналарға сегіз түрлі қызметті тегін көрсететінін айтты.
– Дағдарыс орталығында зорлық-зомбылық көріп отырған 100 қыз-келіншек жатса, соның 20-сы – шынымен де зорлықтың құрбаны, ал қалған 80-і – бастарынан сөз асырмайтын немесе тілінен таяқ жеген қыздар. Ондай қыздар бір аптадан кейін, орталықтың қызметкерлеріне дүрсе қоя береді. Қыздардың көбі өз қиялында бір идеал жігіттің бейнесін құрып алады да, сол жігітке тұрмысқа шығуды қалайды. Иә болмаса, күйеуі сондай болғанын қалап, оны өзгертуге тырысады. Ондай ханзадаға лайық болу үшін қыз-келіншектердің өзі не істеді, өзін соған лайықты етіп неге өзгертпеске? Негізі отбасын құрған кезінде менталитет деген нәрсе өте қатты әсер етеді. Сондықтан, Оралдың қыздары Оралдың жігіттеріне тұрмысқа шығып, Оралдың жігіттері Оралдың қыздарын алған жөн. Біздің орталыққа оңтүстік өңірлерден келін боп түскен нәзік жандылар көп келеді. Нендей мәселе болғанын сұрасаң, «Менің қалың малыма тек қана 500 мың теңге берді, маған бұл өте батады» деп айтып жатады. Біздің Оралдың ғұрпында қалыңмал жоқ болғандықтан, басқа өңірден келетін келінге миллиондап қалыңын төлейтіндер жоқтың қасы. Кейбірі: «Той көйлекті күйеуім сатып алып берген жоқ, сондықтан оны ешкімге айтпай, өзім сатып алдым да, «жігітім алып берді» деп айттым, сол оқиға менің көкірегіме өкпе-реніш боп қадалды» дейді. Тағы бір оңтүстіктен түскен келіндер: «Енем елуден асты, орамал тақпайды» деп ренжиді. Ал, біздің облыста, елуден асқан әйелдер кемпір болып отыруға дайын емес. Садақалардың өзінде бас киіммен, малақаймен, тіпті басына қол сүртетін майлықты қойып та отыра береміз, бұл біздің түсінігімізде қалыпты жағдай. Тағы бір оқиғаларды айтайын, күйеуі мен әйелі жұмыстан кейін кеште теледидар көргісі келеді. Күйеуі басқа арнаны, әйелі басқа арнаны қарағысы кереді. Әйелі күйеуіне: «Мен мына арнаны қарамаймын, ана арнадағы сериалды қараймын, пультті бер»,-дейді. Күйеуі бермейді. Сонда әйел: «Бұл теледидарды мен несиеге алдым, ақшасын мен төлеп отырмын»,-деп жармасады. Күйеуі ашуланып, ұрып-соғады. Егер әйел осы жерде күйеуіне: «Сен осыны қарасаң, онда мен ас үйге барып, шаруаларымды тындырайын», иә болмаса: «Қарап жатқаныңды бірге көрейік»,- дей салса, татулыққа кірбің түспес еді. Ер азамат әйеліне: «Мен қазір жұмысқа қара шалбарымды кием, үтіктеп бер»,- дейді. Баламен алысып жатқан әйелдің шалбарды үтіктеуге мұршасы болмайды. Міне, осы арада тағы да ұрыс пайда болады. Дәл осы жағдайдың алдын алу үшін, күйеуі кешкісін: «Мен ертең қара шалбарымды кием, үтіктеп қой»,- деп айтуы керек. Немесе әйел жарынан: «Сен ертең таңертең жұмысқа қандай киім киесің?»- деп сұрауы керек,- дейді Талшынай Орынбекқызы отбасылық зорлық-зомбылыққа әкелетін жағдайларды сараптап.
Сырым аудандық аналар кеңесінің төрайымы Гүлбақша Ерғалиева пікірін қосып: «Өзінің туған ұясынан басқа үйдің табалдырығын аттайтын қыз бала үшін бөтен табалдырық – Эверест шыңынан да биік. Ол шаңырақтың бара-бара өзің үшін сән-салтанат сарайына айналатынына сену керек. Не нәрсеге де өшіге түссең, ол өрши береді. Сондықтан, отбасындағы өртке су себетін де, келген топан суды қайтаратын да – аналар. Қыз күнінде бәрі жақсы, жаман әйел қайдан шығады? Енемен, қайынсіңлімен тіл табыса алмаған әйел айналып келгенде жаман болып шығады. Барлық түйткілдің түйінін шешетін – жүрегіңдегі жылылық. Сол жылылықтан айырылмаңыздар»,- деді.
Семинар барысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға қатысты бейнероликтер көрсетілді. Қатысушыларға «Неке — шеберлікті талап ететін іс» атты кітапша таратылды.
Шарада Нұрым Амангелді, Айгүл Сисенова, Алмагүл Жұма әндер шырқады.