Бүгінде аудандық ауруханада директордың емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқаратын Миргүл Сарғозиева – Жымпиты ауылының тумасы. Қ.Мырзалиев атындағы орта мектепті тәмамдаған Миргүл Серікқызы 2004 жылы Ақтөбе қаласындағы М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік медициналық университетіне педиатрия мамандығы бойынша оқуға түсті. 2010 жылы диплом алып, бір жыл интернатурадан өтті. 2011 жылы тамыз айында аудандық ауруханада учаскелік педиатр ретінде қызметін бастады. Кейін стационардың педиатры болып ауысты. Стационардың және учаскелік педиатр қызметін қатар да алып жүрді. Таңертең науқастарға тексеріс жасап, учаскелерді аралап, перзентханада сәби дүниеге келсе, неанотолог ретінде оған да қарап, бәріне де бір күнде үлгерді.
2014 жылдың қыркүйек-желтоқсан айларында реабилитация, яғни, мүгедектерді оңалту бойынша қайта даярлау курсын оқып, 2015 жылдың қаңтарынан бастап, реабилитолог болып еңбек етті. Мүмкіндігі шектеулі жандарды оңалту бағытына ден қойып, балалар бөлімінде де дәргерлікті қоса атқарып, ерекше ықыласпен жұмыс атқарды.
2018 жылы директордың емдеу ісінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Алайда, маман тапшы болғандықтан, реабилитолог, педиатр дәрігері ретінде де жұмысы жалғасып келді.
Округтерге шығу, скрининг өткізу, жұмыстарының барлығының басы-қасында Миргүл Серікқызы жүреді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, кепілдендірілген медициналық көмек мәселесі де – Миргүл Серікқызының тікелей құзыретіндегі іс. Артериалдық қан қысымы, қант диабеті, алғашқы жарақаттар, инсульт секілді ауруларға медициналық сақтандыру бар-жоғы жіктелмейді. Ал, басқа сырқаттарда медициналық әлеуметтік сақтандыру сұралады. Компьютерлік томография, рентген, ультрадыбыстық зерттеу секілді тексерулер жүргізуге МӘМС керек. Осының ара жігін ажыратып, түсінбеген науқастар кейде өкпе-назын білдіріп жатады. Келген науқас қалаға тексерілуге барудан бас тартып жататын жағдайлар да болады. Оның бәрін халыққа түсіндіріп отыру үлкен сабырлық пен байсалдылықты талап етеді. Мұндай қасиеттердің барлығы да Миргүл Серікқызының бойына шоғырланған.
– Штаттан тыс гинекологты алдырту, немесе шұғыл жағдайда әйелдерді қалаға апару, санавиация шақыру, Самара-Шымкент тас жолы бойында орын алған жол-көлік оқиғаларынан зардап шеккендерді қарау – күнделікті жұмысым. Денсаулық саласының аудандағы мәселесі – маман дәрігерлердің тапшылығы. Қазіргі жастар ауылға келуге қызықпайды. Бір жалпы тәжірибелік дәрігер бірнеше дәрігердің қызметін атқаруға мәжбүр. Бір ЖТД жұқпалы аурулар дәрігері, енді біреуі кардиолог, лор әрі балалар бөлімінің дәрігері, хирург әрі травматолог, онколог қызметтерін атқаруда. Маман тапшылығын барымызша осылай шешудеміз, - дейді Миргүл Сарғозиева.
Негізгі мамандығы педиатр Миргүл Серікқызы баламен, сәбимен жұмыс жасаған өте ұнайтынын айтады. Бала дұрыс жасалған емнің бәрін сіңіріп алады екен. Үш-төрт күн ішінде сауығып қалған сәбиді көргенде, жаны бір рақаттанып қалады. «Ана мен баланың бір-біріне деген қарым-қатынасы, байланысы ерекше. Ананың көзқарасы, позитивті ойы, сенімі, ықыласы балаға еммен бірге жақсы әсер етеді. Егер анасы емге қарсы болып, шағымданып, балам тәуір болар емес деп жатса, ондайда періштеге ем қонуы қиын болады. Мен осыны алдыма келген аналардың бәріне айтамын»,- дейді дәрігер.
Бүгінде Миргүл ханым жары Манат екеуі отбасында Мирнат, Ақниет, Айнамкөз есімді үш перзент өсіріп отыр. Дәрігер болған соң, кейде отбасыдан науқасты бірінші қойып, соның жағдайына қарап, үйге баруға мүмкіндік болмайтын сәттер көп кездеседі. Үйге барғанда да, жұмысқа шақырса, түн бе, таң ба, уақытқа қарамай, науқастың жанынан табылады. Ондай жағдайда ата-енесі де, жары да түсіністікпен қарап, қолдау білдіріп келеді.