ЖАС ШАБАНДОЗ СЫРЫМ АУДАНЫНДА ТҰРАДЫ
НЕМЕСЕ ӘКЕСІ – АТБЕГІ, БАЛАСЫ – ШАБАНДОЗ
Өткен жылдың соңында атбегілердің қорытынды салтанатты шарасы өткені белгілі. Сол атсүйер қауымның басқосуында көптің көзайымына айналған, ел сүйсіне қараған төрт жасар Имранды газетіміздің кейіпкері қылғанды жөн санадық. Айта кетейік, сол жиында Имранның әкесі Абзал Өтегенов «Аламан бәйгенің үздігі» аталымына ие болды. Марапатты алуға сахнаға басында тақиясы бар, кіп-кішкентай Имран шыққанда, сүйсінбеген жан қалмады.
Имран Абзалұлының атқа деген қызығушылығы бір жасында-ақ байқалған. Сол кезден әкесі Абзал қасынан тастамай, үнемі бірге алып жүреді. Атқа мінуді де бір жасынан бастады. Емізулі кезінде әкесімен бірге жүріп, анасын үш көрмеген күндері де болды. Жылқыға қызығып, әкесінің істеген істерін қайталап, тәрбиесін көріп келеді. Атқа шабуды енді ғана ептеп үйреніп келеді. Абзал алдағы жылы Имранды үлкен додаға салып, атқа шаптыруды жоспарлап отыр. Имранда атқа шабатын мінез бар. Ақылдылық, кешірімділік, шыдамдылық секілді қасиеттер кіп-кішкентай Имранның бойынан табылады. Елу рет жерден кеудесін көтеріп, елу рет отырып тұру жаттығуларын жасайды. Атта отырып тақымын қысуды, жүгенін тізгіндеуді меңгерген. «Шабандоздар да бір-біріне, сыншы, бір-біріне бәсеке. Имранды шабандоз қылсам деймін. Ат баптап, атбегі болу – бір басқа, атты тақымдап, шабу деген – бір басқа. Өзің атбегі боп, балаң атқа шапса, нағыз атбегі болғаның. Ал, біреуге ақша төлеп атқа шаптыру – тап-таза бизнес»,-дейді кішкентай шабандоздың әкесі Абзал мырза.
«Аламан бәйгенің үздігі» аталымының иегері Абзал Өтегенов туралы айтпай кетуге болмас. Атбегілікпен айналысқан бір жылдың ішінде Абзалдың арғымақтары 10 бәйге алды. 2021 жылы жылқыға деген қызығушылығы оянып, Жалын деген ат сатып алды. Одан кейін Жұмбақ деп аталатын тай алды. Жұмбақ – Имранның басыбайлы тұлпары. Алған тұлпарларын 2022 жылы бәйгеге шаптырып, жеңісін қызықтауда. Топқа салған жылқыларының тұмсығы бәйгеге іліккеннен кейін Абзалдың жануарға деген сүйіспеншілігі арта түсті.
Бүгінде атбегі Абзал Өтегеновтың қорасында бес ат жер тарпып тұр. Оның екеуі құнан. Бірі – Жұмбақ. Енді бірі – Асылжирені Ақсай қаласында өткен «Жайық жүйрігі» бәйгесінде үздіктер қатарынан көрініп, облыс бойынша екінші нөмірлі фаворит құнан атанды. Жұмбақ тайлардың арасында өткен іріктеу аламанынан өтті. 2022 жылы тағы да Жібек атты таза қанды ұрғашы тай сатып алды. Алау атты тайын Алматының Қордайынан алып келді. Ақмоншақ атты бір жылқы Қызылордадан келе жатыр. Алдағы уақытта «Алтын тағада» үш тайы шабады. Иесі үшеуінің де облыс намысын қорғайтынына сенімді.
– Шабатын аттарға өте жақсы күтім керек. Оларды сәбиден бетер баптау қажет. Астын тазалап, уақытылы үгіндісін, шөбін салу керек. Баптаулы аттар құр жеммен тұра алмайды. Бабы келмеген аттар дұрыс шаппайды. Дәрумендерін беріп тұру керек. Дәруменді атыңызға сіз бермесеңіз, басқа біреу атына мідентті түрде береді, сол кезде атыңыз қалып қояды, сондықтан қал-қадіріміз келгенше, барлық дәрумендерін алып беруге тырысамыз. Жылқыны ұстағаннан кейін, қай-қай жылқыны түсіну керек. Жабы ма, сүтті бағыттағы жылқы ма, шабатын жануар ма, қандай жылқы бағып отырғаныңды алдымен өзің ұғынуың керек. Әр жылқыда тоғыз жасар баланың миы бар. Сондықтан бәйге аттарының атбегімен арадағы қарым-қатынасы мықты болады. Көз жанарымен түсіндіреді, айтады. Бәйгеден келетінін, келмейтінін жанары айтып тұрады. Олардың бабын байқап, аяқ алысын аңдып, қай жүйріктің маңдайы жарқырап, озып келерін ой мөлшерімен таба білу керек. Ата-бабаларым – ат шаптырған адамдар. Атбегілік қанмен сіңген қасиет десем болады. Жабы жылқы ұстап жүріп, кенеттен бәйге аттарына аңсарым ауды, -дейді атбегі.
Атбегілік – адамның бойындағы қасиет қана емес, бір жағынан табыс көзі де. Оны Абзал Орынбасарұлы жоққа шығармайды. Бәйгеден атың 200 мың теңге алып келсе, оның 100 мыңы аттың өзін баптауға кетсе, 100 мыңы қалтаға түседі. Бәйгесі үлде мен бүлдеге орамаса да, желден жаралған жүйрігіңнің озып келгенінің атағы қандай? Атыңның додада дес бермейтініне сенбесең, онда ат қосудың қажеті жоқ.
Атбегі Абзал Орынбасарұлының айтуынша, біздің ауданда шабатын ат жоқтың қасы. Өзінің де атбегілікке кешірек келгенін айтады. Олқылықтың орнын толтырып, ауданда ат спортының дамуы үшін үлкен мақсат қойып, тынбай еңбек етіп келеді.