Зейнетақы қызметтері – онлайн тәртібінде

Зейнетақы қызметтері – онлайн тәртібінде

АҚПАРАТТЫҚ ХАБАРЛАМА

 

Зейнетақы қызметтері – онлайн тәртібінде

 

Салымшылар мен алушылардың 12 млн-нан астам шотына 14,4 трлн теңгені есепке алуды жүзеге асыра отырып, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры іс жүзінде барлық операцияларды цифрлық форматқа ауыстырды. Қызметтердің шамамен 93% халыққа онлайн немесе автоматты режимде көрсетіледі.

2022 жылдың 11 айында БЖЗҚ салымшылар мен алушыларға қызмет көрсету бойынша 28,3 млн операция жүргізді. Оның ішінде 19,5 млн – электронды форматта, 6,7 млн – автоматты режимде.

БЖЗҚ-ның ең сұранысқа ие қызметі зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат алу болып қала береді. Зейнетақы шотынан 24,6 млн-нан астам үзінді көшірме салымшылар мен алушыларға қаңтардан қарашаға дейін берілді.  Үзінді көшірмелердің шамамен 80% электрондық форматта ұсынылған.

БЖЗҚ сайтындағы және ұялы қосымшасындағы Жеке кабинетте өз жинақтары туралы мәліметтерді алудан басқа, олар туралы хабарлау тәсілін таңдауға, жеке деректемелерін өзгертуге, жинақтар туралы хабарлау тәсілін таңдауға, жинақтардың бір бөлігін инвестициялық портфельді басқарушыға аударуға, зейнетақы калькуляторының көмегімен болашақ зейнетақыны болжамды есептеуді жасауға болады.

Алғашқы жарна аударылғанда жарналардың барлық түрлері бойынша зейнетақы шоттары автоматты режимде ашылады. Бұл ретте жеке тұлғаны сәйкестендіру төлем тапсырмасында көрсетілген салымшының дербес деректері (аты-жөні, ЖСН, туған күні) бойынша жүзеге асырылады. Ал БЖЗҚ өзінің жеке басын куәландыратын құжаттың деректемелері, тұрақты тұратын жері туралы барлық қажетті мәліметтерді Мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінен алады.  Жыл басынан бері осылайша 536 275 жеке зейнетақы шоты ашылды.  

БЖЗҚ кеңес беру қызметтерінің сапасына ерекше көңіл бөледі. Салымшылар мен алушылар өздеріне қажетті ақпаратты 1418 нөмірі бойынша (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін) байланыс орталығы, www.enpf.kz корпоративтік сайты, БЖЗҚ/ENPF ұялы қосымшасы, +7 777 000 14 18 нөмірі бойынша WhatsApp және Viber чат-боты арқылы және Instagram, Facebook, ВКонтакте, Twitter, Telegram, Сыныптастар әлеуметтік желілеріндегі БЖЗҚ-ның ресми парақшалары сияқты әртүрлі арналар арқылы біле алады. Жыл басынан бері Қор мамандары әртүрлі кері байланыс арналары арқылы келіп түскен 765 мыңға жуық өтінішті өңдеді.

Алайда, БЖЗҚ кеңселеріне өздері баруды қалайтын салымшылар мен алушылар да бар. Жыл басынан 1 желтоқсанға дейін күндізгі қызмет көрсету барысында 1,4 млн-ға жуық қызмет орындалды. Оның 1,3 млн-ы Қор бөлімшелерінде іске асырылды.  Естеріңізге сала кетейік, сізге жақын Қор филиалының мекенжайын enpf.kz сайтында немесе БЖЗҚ/ENPF ұялы қосымшасында оңай нақтылауға болады.

БЖЗҚ-ның көшпелі қызмет көрсету бөлімдері де белсенді жұмыс істейді. Олар 106,7 мыңнан астам қызмет көрсетті. Оның ішінде 13,1 мыңнан астамы халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан адамдарға ұсынылды.

Ақпараттық-түсіндіру жұмысы шеңберінде 30,4 мыңнан астам көшпелі таныстырылым өткізілді. Оның барысында 658 мыңнан астам адам жалпы жинақтаушы зейнетақы жүйесі туралы ақпарат және жеке ақыл-кеңес алды. 

 

БЖЗҚ 2013 жылғы 22 тамызда «ГНПФ» ЖЗҚ» АҚ негізінде құрылды. БЖЗҚ құрылтайшысы және акционері – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің «Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті» ММ арқылы Қазақстан Республикасының Үкіметі. БЖЗҚ зейнетақы активтерін сенімгерлікпен басқаруды Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. 2016 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы активтерін басқару тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар жасау қызметі Қазақстан Республикасының Президенті басшылық ететін Ұлттық қорды басқару кеңесіне берілді. Зейнетақы заңнамасына сәйкес БЖЗҚ міндетті зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын, ерікті зейнетақы жарналарын тартуды, зейнетақы төлемдерін, зейнетақы жинақтары мен төлемдерін жеке есепке алуды жүзеге асырады, салымшыға (алушыға) зейнетақы жинақтарының жай-күйі туралы ақпарат береді (толығырақ www.enpf.kz сайтында).