ШЕТЕЛДЕН ШЕКАРА АСЫП КЕЛГЕН КӨЛІК ҚАЛАЙ ЗАҢДАСТЫРЫЛАДЫ?

ШЕТЕЛДЕН ШЕКАРА АСЫП КЕЛГЕН КӨЛІК ҚАЛАЙ ЗАҢДАСТЫРЫЛАДЫ?
ШЕТЕЛДЕН ШЕКАРА АСЫП КЕЛГЕН КӨЛІК ҚАЛАЙ ЗАҢДАСТЫРЫЛАДЫ?
Аудан әкімі Төлеген Төреғалиевтің қатысуымен Сырым ауданы аумағына әкелінген шетелдік автокөліктерді заңдастыру тәртібін түсіндіру бойынша автокөлік иелерімен кездесу жиыны өтті. Жиынға аудандық полиция бөлімінің бірінші орынбасары Жанболат Мурзашев, аудандық полиция бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы Бақытжан Қазақстанов қатысты.
Жиында Бақытжан Қазақстанов шетелдік автомобильдерді заңдастыруға қатысты хабарлама жасады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділ мемлекет. Біртұтас ұлт. Гүлденген қоғам» атты Жолдауында Үкіметке Қазақстан Республикасына 1 қыркүйекке дейін әкелінген және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркеуден өтпеген шетелдік көліктерді алғашқы тіркегені үшін 200 мың теңге мөлшерінде біржолғы алым төлей отырып, жария етуді жүргізу міндеті қойылды. Бұл тапсырманы іске асыру мақсатында заңдастыруға жататын автокөліктерді бастапқы тіркегені үшін 200 мың теңге мөлшерінде алым төлеуді көздейтін «салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне түзетулер әзірленді және қазіргі уақытта Парламент қабылдады. Бір мезгілде заңдастырылатын автокөліктер үшін кәдеге жарату төлемінің күшін жою бөлігінде Экологиялық кодекске түзетулер енгізілді. Қазіргі уақытта тиісті түзетулер Парламент Сенатында қаралуда.
Бұдан басқа ІІМ Қазақстан Республикасына 2022 жылғы 1 қыркүйекке дейін әкелінген және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік тіркеуден өтпеген көлік құралдарын жария етуді жүргізу тәртібін айқындайтын Үкімет қаулысының жобасын әзірледі. Аталған жоба ағымдағы жылдың 29 қарашасында жария талқылау рәсімінен өту үшін ІІМ-нің ресми сайтында орналастырылды. Жария талқылау барысында халықтан келіп түскен барлық ұсыныстар қаралатын болады. Жобаға сәйкес шетелдік көліктерді заңдастыру 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап, 2023 жылғы 1 шілдеге дейін жалғасады деп болжануда.
– Заңдастыру туралы өтінішті «электрондық үкімет порталы» арқылы немесе тікелей арнайы ХҚКО-ға беруге болады. Барлық қажетті төлемдер уәкілетті орган (ІІМ) автокөліктерді заңдастыру туралы шешім қабылданғаннан кейін жүзеге асырылатын болады. Заңдастыруға жататын автокөліктер іздестіру базасында тіркемеу, бұрынғы тіркелген жері бойынша есептен шығарылуы, толық кедендік тазартудан өтуі тиіс. Беларусь Республикасында, Ресей Федерациясында және Арменияда тіркелген автомобильдер үшін кедендік тазартудан өту талап етілмейді. Бұрын Қазақстан Республикасында сары фонды мемлекеттік нөмірлерді ала отырып, тіркеуден өткен Армения Республикасынан келген автокөліктер де 200 мың теңге мөлшерінде бастапқы тіркеу алымы төленіп, жария етуге жатады, аталған автокөліктер үшін қосымша кедендік тазартудан өту талап етілмейді.
Қырғыз Республикасынан әкелінген автокөліктер иелерінің қалауы бойынша иеліктен шығару құқығынсыз 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін тіркелетін болады. Көрсетілген кезеңнен кейін оларды иеліктен шығаруға шектеу автоматты түрде алынатын болады не ЕАЭО ставкалары бойынша кедендік төлемдер қосымша төленген жағдайда аталған автокөліктер иеліктен шығару құқығына шектеусіз тіркелетін болады. ЕАЭО-ға кірмейтін елдерден әкелінген автокөліктер кедендік тазартудан өтуі тиіс. Шығарылған жылы және заңдастырылатын автомобильдерге экологиялық сыныпқа сәйкестігі бойынша қандай да бір шектеу талаптары қойылмайды. Оң жақ рөлді, тіркеу құжаттары бар заңды автокөліктерді заңдастыру мәселесі шешілу сатысында,- дейді Б.Қазақстанов.
«Мен Ресейден кезінде 3-4 жыл бұрын көлік алдым. Сатып алу-сату келісімшарты қолжазба қағаз жүзінде жасалды. Мөр жоқ. Қолымда көлік құралының төлқұжаты (ПТС), көлік құралын тіркеу куәлігі (СТС) бар. Қазір көлігім шетелде еепте тұр. Ал көлік иесі бұрынғы мекенжайында тұрмайды. Мұндай жағдайда не істеуге болады?»-дейді Кемел Ессұлтанов. Оған полиция мамандары тарапынан көлік алдымен шетелден есептен шығарылуы керек деген жауап берілді. Ал, сұранысқа шетелде көліктер есепте жоқ деген жауап келсе, онда ол мемлекетке барудың қажеті жоқ. Криминалдық белгілері болмаса, көліктер тіркеле береді. «Ал, көлік басқа елде тіркеуде тұрса, сатып алу-сату келісімі болмаса, төленбеген салығы болса не болады? Арменияда уақытша азаматтықпен тіркелген қазақ азаматынан көлік сатып алған болса, не істейміз?» деген азаматтар да алдымен көлікті ХҚКО-нан әкелінген елінде есепте бар-жоғын анықтау керек. Осыған дейін қазақстандық азаматтар Арменияға үш күнге уақытша есепке тұрып, көлік алғаннан кейін есептен шығып, елге қайтатын жағдайлар орын алған. Армения елінде бір кісінің атына 500-600-ден автокөлік тіркелген, оның бәрі Қазақстанға сатылған жағдайлар да бар. Оның бәрін есептен шығару үшін, барлығының салығын төлеу керек. Қазақстанның ішінде қолдан қолға өтіп келген көліктер бар, ондай жағдайда, кім заңдастыруға құжат тапсырады, көлік сол азаматтың атына рәсімделеді. Көлікті есептен шығару үшін шетелге көлік иелерінің барлығын жүргізбей шешудің амалын қарастыру ІІМ-не ұсынба ретінде берілмек. Қайырбек Аманғалиев көліктерді Еуроодаққа енбеген елдерден әкелінген машиналарды да утилсбор салығынсыз тіркесе деген ұсынысын білдірді. Бұл сұрақ та министрлікке жеткізілетін болды. Әділхан Әлмурзин тіркеу құны 200 мың теңге тұратын «Жигулиге» де, «Джипке» де 200 мың теңге болуы дұрыс емес пікірін ортаға салды. Бұл сауал жоғарыға жеткізіледі.
Шетелдік автокөліктерге сақтандыру полисі берілмейтін болады. Желтоқсан айында сақтандыру мерзімі аяқталған көлік иесі қайтадан сақтандырылмайды. «Көлік шетелде іздеуде тұрған болса, оны шетелдіктер келіп, қайтадан алып кете ала ма?» деген сұрақ жолдады азаматтар. Бұл сауалға «Көлікті кері алып кете алмайды» деген жауап берілді.
Уақытша сары нөмірмен жүрген көлік иелері 200 мың теңге төлегілері келмесе, де ол нөмір уақытша болғандықтан, сары нөмірлі көліктерге қозғалыс бара-бара тыйым салынатындықтан, тіркеуге жататыны айтылды.
Ауданда үш жүзге жуық шетелдік көлік болса, оның барлығын есептен шығару үшін иелерін табу – күрделі мәселе. Бұл мәселені аудан әкімі ұсынба ретінде жоғарыға беру керектігін айтты. Машинаның есепте бар-жоғын https://pay.e-community.am/ru/tax-search/vehicles сайтынан тексеруге болады.
Көліктің рөлін сол жақты етіп ауыстырғысы келген азамат, ауыстырғаны жөнінде арнайы сертификат алу керек. Содан кейін барып, тіркеледі.
Аудандық полиция бөлімінің бастығының бірінші орынбасары Жанболат Мурзашев бүкіл ел бойынша шетелдік көлік иелерінің ұсыныстары тыңдалып, жиналуда екенін, Ішкі істер министрлігі ұсынбаларды Парламентке жолдайтынын айтты.
Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев: «Елге келетін көлік келді. Халық қажетіне жаратып, жүргізуде. Енді мәселе ол көлікті қалай да заңдастырып алу қажет. Бір-екі машина емес, облыс, республиканы қосқанда, шетелден келген көліктер өте көп. Біздің берген ұсыныстарымыздан қорытынды шығарып, Ішкі істер министрлігі Ресей, Армения, Беларусь мемлекеттеріне ұсыныс береді. Көтерілген мәселелер бір ғана Қазақстанның аясында шешілмейді. Біздің ел мен көлік келген мемлекеттің заңдылығы ескеріліп барып, шешіледі. 1 қыркүйекке дейін келген автокөліктерді тіркеледі дегенге өзгеріс енгізуді сұрап, 1 қаңтарға дейін кірген темір тұлпарларды заңдастырылсын деген ұсынба жазамыз»,- деді.