ЖОСАЛЫДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН АШЫҚ ТУРНИР ӨТТІ

ЖОСАЛЫДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН АШЫҚ ТУРНИР ӨТТІ
Сырым ауданының Жосалы ауылдық округінде “Еңбек Қызыл ту”, “Құрмет белгісі” ордендерінің иегері, Ұлы Отан соғысының ардагері Халел Аманов пен КСРО “Халық ағарту ісінің үздігі”, “Құрмет белгісі” орденінің иегері Сәбила Нұғмановаға 100 жыл толуына орай қазақ күресінен 2011-2013 жылғы жасөспірімдер арасында аудандық ашық турнир өтті.
Турнирге сырымдықтардан бөлек Орал қаласынан, Бөрлі, Шыңғырлау аудандарынан жалпы 10 команда қатысты.
Ашылу салтанатында Жосалы ауылдық округінің әкімі Батырғали Иманқұлов, Сырым аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Бауыржан Ихсанов қатысып, жас палуандарға сәттілік тіледі.
Сәбила Нұғманованың ұлы Асан Жүсіпов пен Халел Амановтың қызы Жанғаным Халелқызы ата-аналары жөнінде естеліктермен бөлісіп, жас боз кілем шеберлеріне батасын берді.
Одан бөлек, 1985 жылы дүниеге келген, А.Жұмағалиев атындағы мектептің 2002 жылғы түлектері атынан ардагер кітапханашы, ауыл тұрғыны болған Күләш Тоғызбаева жас палуандарға кимонолар табыстады.
Боз кілемде белдескен палуандарға жанкүйерлік танытып келген ауыл тұрғындарының қолдауы бөлек болды.
Айта кетейік, палуандар 23, 26, 29, 32, 35, 38,42,42+ келі салмақ дәрежелері бойынша сынға түсті.
Жеңімпаздар мен төрешілерге, номинация иегерлеріне Халел Аманов пен Сәбила Нұғманованың ұрпақтары қаржылай демеушілік жасаса, турнирге келген қонақтар мен қатысушы жасөспірімдерге түскі ас әзірлеп Жосалы ауылының шаруашылық құрылымдары қолдау көрсетті.