ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕС ОТЫРЫСЫ ӨТТІ
Бүгін аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында қоғамдық кеңес отырысы өтті. Қоғамдық кеңеске аудан әкімі мен орынбасарлары, аудандық мәслихат хатшысы, аудан әкімі аппаратының басшысы, аудандық мекеме, бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері, кеңес мүшелері қатысты. Жиынға қоғамдық кеңес төрағасы Асхат Дүйсенғалиев төрағалық етті.
Күн тәртібінде сегіз өзектілігі өткір мәселе қаралды. Сырым аудандық ауруханасының директоры Роза Тахамбетова денсаулық сақтау саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды хабарлады. Ана мен бала саулығы, кадр мәселесі тапшылығы кеңестің талқысына салынды.
Сырым аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Тимур Айтқалиев әлеуметтік маңызы бар нысандардың қысқы маусымға дайындық жұмыстары және бөлім бойынша көрсетілген мемлекеттік қызмет жайын хабардар етті. Қоғамдық кеңес мүшесі Тауфих Елеубаев ауыз суға қатысты мәселелерді көтеріп, «Сырым» МКК жұмысына сын айтты. Қысқы маусымға дайындыққа қатысты аудандық білім беру басшысының міндетін атқарушы Әділ Ахметтен мектептердің жылу жүйесі туралы сұралды. Тасқұдық ауылдық мәдениет үйінің жылу жүйесі туралы Елтай ауылдық округінің әкімі Рашид Байыров, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Ерлан Сәрсенов мәлімдеді.
Сырым аудандық полиция бөлімінің жергілікті полиция бөлімшесінің бастығы Бағдат Сыдықов қоғамдық тәртіп пен қылмысқа қарсы күресті нығайтудағы жұмыстарды саралады. Жарыссөзге шыққан Талдыбұлақ ауылдық округінің әкімі Айдынғали Балғалиев мал ұрлығына жазаны күшейту, жол бойында орналасқан ауылдарда бақылауды арттыру қажеттігі жөнінде пікірін білдірді. Қоғамдық кеңес мүшесі Тауфих Елеубаевтың Өлеңті ауылындағы істен шыққан бейнебақылау камералары туралы сұрағына баяндамашы «Өлеңті ауылындағы бейнебақылау камералары аудандық полиция бөлімінің теңгерімінде емес» деп жауап берді. Аудандық мәслихат хатшысы Шынар Дүйсенғалиева аудан орталығындағы мектептер мен балабақшалардың алдына сары жолақ қою туралы ұсынысын ортаға салды.
Кеңес отырысында Жетікөл ауылдық округінің әкімі Айболат Нұрмұханов, Жымпиты ауылдық округінің әкімі Мейрам Қайырғалиев, Қособа ауылдық округінің әкімі Бейімбет Жайманов округтерде көрсетілген мемлекеттік қызмет сапасы туралы хабарлама жасады. Отырыста көтерілген әрбір мәселе бойынша қаулы алынды.
Қоғамдық кеңес жұмысын аудан әкімі Төлеген Төреғалиев қорытындылады.
– Малдарды таңбалау, чиптеу жұмыстары туралы жуырда барлық ауылдық округ әкімдерін тыңдайтын боламыз. Бізде ұрлық жасаған адамның аты-жөні айтылмайды немесе жәбірленуші кешірім беріп жатады. Ұрлық жасаған адамды ел болып, ақсақалдармен, қоғам белсенділерімен бірлесіп тезге салуымыз керек. Жылыту маусымына келсек, ауданда бірде-бір мекеме маусымға дайындығы жөнінде құжатын тапсырмаған. Онсыз Сырым газ шаруашылығы жылу жүйесін іске қоспайды. 15 қазанда газ қосылмаған мекеме болса, шарасын аламыз. Аудандағы гинеколог, басқа да дәрігерлер тапшылығын шешу үшін уақытша облыстан аптасына екі рет дәрігер алдырып, тұрғындарды қабылдауын ұйымдастырамыз. Газ жөндейтін мамандар жетіспейтіндіктен, округтердегі жұмыссыз жастарды арнайы оқытып, даярлап, жұмысқа қабылдау жағын реттеу керек,- деді аудан әкімі.