Әлихан Смайылов ауылдық жерлерде балаларды қосымша біліммен қамтуды ұлғайтуды тапсырды

Әлихан Смайылов ауылдық жерлерде балаларды қосымша біліммен қамтуды ұлғайтуды тапсырды
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасын іске асыру барысы қаралды.
Ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтің хабарлауынша, Ұлттық жобаны жүзеге асырудың нәтижесінде 2-6 жастағы балаларды қамту 88,4%-ды, 3-6 жаста – 99%-ды құрады.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың жаңа моделі енгізіледі. Оқыту шығармашылық пен қозғалыс белсенділігі және ойын арқылы жүргізіледі. Ол үшін мемлекеттік стандартқа, типтік оқу жоспарларына және бағдарламаларға өзгерістер енгізілді.
Ересек балаларды қосымша біліммен қамту 70,5%-ға дейін (2,4 млн-нан астам бала) ұлғайды, 2022 жылдың соңына дейін бұл көрсеткішті 75%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар 175 мың мүмкіндігі шектеулі бала арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен және ерте жастан түзетумен қамтылды.
Колледждерге оқуға түсуге бірқатар жаңашылдықтар енгізілді. Олар экономика қажеттілігіне тиісті мамандар даярлауға негізделген. Мамандық таңдауда 9-сынып бітіріп, оқуға түсушілерге кәсіби диагностика енгізілді, нәтижесінде талапкерлер мамандық таңдау бойынша ұсыныстар алады.
Өз кезегінде ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ұлттық жобаны іске асыру аясында жоғары оқу орындарының инфрақұрылымын дамыту, халықаралық аккредиттеуден өткен заманауи білім беру бағдарламаларын енгізу, шетелдік әріптестермен академиялық алмасуларды кеңейту, олардың басқарушылық дербестігін кеңейту және т.б. бойынша жұмыстар жалғасып жатқанын хабарлады.
Баяндамаларды тыңдаған Премьер–Министр Ұлттық жобаның басты міндеті – балабақшадан бастап, білім берудің барлық деңгейлерінде халықтың сапалы білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету екенін атап өтті.
«Оқу-ағарту министрлігі Мәдениет және спорт министрлігімен, өңір әкімдіктерімен бірлесіп, ауылдық жерлерде балаларды қосымша біліммен қамтуды ұлғайтсын. Өңір әкімдіктері жастардың жұмыспен қамтылуын арттыру мақсатында мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде колледждерге қабылдауды ұлғайтуды қамтамасыз етсін», – деді Премьер-Министр.
Сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрлігіне Қаржы,Ұлттық экономика министрліктерімен бірлесіп, еліміздің өңірлік жетекші мемлекеттік университеттерінің базасында Академиялық артықшылық орталықтарын құру мәселелерін пысықтау тапсырылды.