ӨҢІР БАСШЫСЫ СЫРЫМДА

ӨҢІР БАСШЫСЫ СЫРЫМДА
Облыс әкімі Ғали Есқалиев Сырым ауданына жұмыс сапарымен келді.
Өңір басшысы Бұлан ауылындағы ауыз су құбырын тарту жұмыстарымен танысты.
Ауданда Бұлан, Жамбыл, Қособа, Жырақұдық, Алғабас, Қарағанды бағытында су құбыры тартылып жатыр. Сырым аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Артур Искаков Ғали Есқалиевке жобаны таныстырды. Су құбырының құрылысы келісімшартта желтоқсан айына дейін белгіленгенмен, қараша айына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Алты елді мекен бойынша құны 2 мрлд 51 млн теңге болатын жоба қаржысының 80 пайызы – 1 млрд 621 млн теңгесі республикалық бюджеттен бөлініп тұр. Енді қалған 20 пайызы – 410 млн теңге көлеміндегі қаржы облыстық бюджеттен бөлінуі тиіс.
Бас мердігер – «СМУ-Шығыс» ЖШС-ның Сырым ауданындағы филиалының атқарушы директоры Нұртілеу Бектенов облыс әкіміне құрылыс жұмыстарына тартылған көліктерді, әр нысан бойынша жұмыспен орталығы бойынша алынған жұмысшыларды қосқанда барлығы 45 адам еңбек етуде екенін айтты.
«ҚазСуШар» мекемесінің директорының орынбасары Талғат Қажғалиев Кеңашы-Жымпиты су құбырын Сырым ауданы әкімдігінің теңгеріміне беру үшін құжаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Техникалық құжат пен мемлекеттік акті қыркүйек айында дайын болады. Сырым ауданы әкімі Төлеген Төреғалиев: «Өзіміздің үш скважина суды қосып, 16 сағат 300 тоннаға жуық су беріп отырмыз. Ауа райы қатты ыстық болған кезде 1000 тоннадай су береміз»,-деді. «Сырым» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының директоры Тұрарбек Нұрғалиев судың тарифі есептегіш орнатқан тұрғындарға 90 теңгеден, есептегіші жоқ үйлерге 200 теңгеден белгіленгенін айтты.
Одан кейін өңір басшысы Бұлан ауылының ақсақалдарын тыңдады. Ауыл ақсақалдары ауылға кіреберіс жолын жөндеуді сұрады. Ұялы байланыстың нашарлығын айтты. «Жол мәселесі шешілсе, шағын бизнесті дамытуға мүмкіндік молаяр еді. Ауыл ішіндегі басты жол да жөнделсе»,- дейді Қадырғали Төленов.
Ғали Нәжімеденұлы Бұлан ауылының жолын жөндеу үшін жаңадан жобалық-сметалық құжат дайындалуы керектігін айтты.
Шынар МОЛДАНИЯЗОВА