11 ЖАСАР АЙША ЕЛ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ.

11 ЖАСАР АЙША ЕЛ ЧЕМПИОНЫ АТАНДЫ.
Сырым аудандық балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінің шәкірті Айша Ғарифолла Алматы қаласында тоғызқұмалақтан өткен Қазақстан Республикасы чемпионатында классика үлгісі бойынша І орынға ие болды.
Кеше 11 жасар чемпион мен жаттықтырушысы Дарын Төреғалиевті Сырым ауданы әкімінің міндетін атқарушы Асланбек Сарқұлов қабылдады. Қабылдауға аудандық балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебінің директоры Бауыржан Ихсанов қатысты.
Асланбек Сарқұлов байтақтан озып бәйге алған жас спортшыны жетістігімен құттықтап, су жаңа спорттық костюм сыйлады. Ұлттық спорт - тоғызқұмалақты дамытып әрі ауыл балаларының салауатты әрі саналы болып өсуіне үлес қосқан Дарын Төреғалиевке алғыс білдірді.
Айша Ғарифолла қазіргі таңда Сарой ауылдық округіндегі Абай орта мектебінің 4 сыныбын аяқтады. Оқу озаты. Биыл оңтүстік астанада тоғызқұмалақтан Әлем чемпионаты өтеді деп жоспарлануда. Егер бәрі ойдағыдай болса, Айша Қазақстанның намысын қорғайды.