ОТТЫ ЖЫЛДАР САНАДА ЖАҢҒЫРДЫ

ОТТЫ ЖЫЛДАР САНАДА ЖАҢҒЫРДЫ
Бүгін аудан орталығында мәңгілік алау жанында Ұлы Жеңістің 77 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Шара басталмас бұрын қатысушыларға мерекелік лента тағылды.
Салтанатты жиын мемлекеттік әнұранмен ашылды.
Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев құттықтау сөз сөйлеп:
– Ұлы Жеңіс бізге оңайлықпен келген жоқ. 1941-1945 жылғы соғыс – әлемде бұрын-соңды болмаған, халқымыз үшін үлкен қайғы-қасірет әкелген соғыс. Сұрапыл соғыста қан майданда көптеген ата-бабаларымыз қазақ халқына тән ерлікпен шайқасты. Біздің ауданымыздан 4100-дей азамат соғысқа аттанған болса, соның 1800-і ұрыс даласында қаза тапты. Осы жерде отырған ақсақалдарымыз ол кезде бала болса да, ерлігін еңбегі арқылы көрсетіп, бар тапқан-таянғанын соғысқа жіберді. Қиындықпен келген ұлы Жеңісті, аталарымыз көрген тағдыр тауқыметін ұрпаққа ұмыттырмай, патриоттық тәрбие беру – бүгіннің міндеті. Баршаңызды Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап, елде тыныштық болсын, соғыс енді болмасын, жас ұрпақ бақытты өмір сүрсін деп шын жүректен тілегімді білдіремін!- деп жүрекжарды лебізін жеткізді.
Сырым ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан Республикасы Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдумының Сырым аудандық қоғамдық штабының төрағасы Сыдық Тәжмұхан:
– Бүгін Ұлы Жеңістің 77 көктемін қарсы алып отырмыз. Соғыс ешкімге де оңай тимеді. Халықтың майданда да, тылда да қажырлылықпен күрескенінің арқасында фашизмге Кеңес Одағы ғана емес, бүкіл Еуропа тойтарыс берді. Әкем інісі екеуі бірге соғысқа қатысса, анам елде қалды. Үш әйел екі жүзге жуық ірі қараны қысы-жазы бағып, Жеңісті жақындатуға үлесін қосты. Ұлы Жеңіс жалғасын тауып, еліміз егемендік алды. Балаларымыз бен немерелерімізге Жеңістің қастерлі екенін айтып жүруіміз керек. Еліміздің өркендеп, дамуының жалғасындай маусымның 5-інде референдум болады. Бұл референдумда еліміздің Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі. Мемлекетіміздің ары қарай дамуына жақсы мүмкіндіктер жасалатынына сенемін. Ауданның барлық сайлаушыларын референдумға қатысып, қолдауға шақырамын,- деді.
Сырым аудандық мешітінің бас имамы Қуанғали Қуанышұлы Ұлы Отан соғысынан оралмаған боздақтарға арнап құран бағыштады.
Аудандық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары Ұлы Отан соғысы кезінде шырқалған әндерді орындап, би билеп, Жымпиты халық театры отты жылдардан қойылым көрсетіп, көзге жас үйірді.
Мерекелік шара «Жеңіс күні» әнімен аяқталып, оған қатысушылар түрегеп тұрып құрмет білдірді. Шара қонақтары Жеңіс ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Одан кейін аудандық мәдениет үйінде ардагерлерге дәстүр бойынша «сарбаз ботқасы» берілді.
Шынар МОЛДАНИЯЗОВА