Президент Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, Конституцияға енгізілетін түзетулер Қазақстан тарихының жаңа парағын ашады. Алдымен сол туралы бастама көтеріп, сарапшылар қауымдастығымен талқылап, Конституциялық Кеңеске жолдаған соң Мемлекет басшысы халықпен де ақылдасуға шешім қабылдады. Ол үшін референдум өткізу қажет. Тоқаев бұл туралы өткен аптада Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында мәлімдеді.
Ұсынылған түзетулер қатарында Президенттің өкілеттілігін қысқарту, Парламент пен мәслихаттардың рөлін күшейту, азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысуын кеңейту, құқық қорғау саласын нығайту бар. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің тәуелсіз кепілдіктерін конституциялық деңгейде белгілеу, сондай-ақ Конституцияда халықтың жер мен табиғи ресурстардың меншік иесі екендігі туралы нормаларды бекіту ұсынылады.
Бұл билік институттарының қалыптасуы мен өзара іс-қимылының сапалы жаңа моделіне көшуді, жаңа саяси мәдениеттің тамыр жая бастағанын білдіреді. Президент бұл үрдісті «Екінші Республика» деп атады.