Сырым МЫРЗА ӘЛИ: «АТАМНЫҢ ТУҒАН ЖЕРІНЕ КӨМЕКТЕСКІМ КЕЛЕДІ»

Сырым МЫРЗА ӘЛИ: «АТАМНЫҢ ТУҒАН ЖЕРІНЕ КӨМЕКТЕСКІМ КЕЛЕДІ»

Жуырда белгілі ақын, Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла өзінің Facebook – тегі жеке парақшасына орталыққа Қадыр ақынның Алматыда тұратын немересі Сырымның келгенін, оның атасы туған, өзі түлеген жерге қызмет қылмаққа ниетті екенін жазған еді.

Сырым сөзінде тұрды. Ол кешегі аптада Жымпитыға келіп, Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтің қабылдауында болды.

- Менің мамандығым – балалар неврологы. Алматы қаласында жеке клиникам бар. Дамуы тежелген, жүйке жүйесінде ақауы бар балалар еліміздің әр өңірінде бар өкінішке орай. Перзенттерін емдетуге келгенде көп ата – аналардың қолы қысқа. Бүгін Сырым аудандық орталық ауруханада болып, бас дәрігермен сөйлестім. Алдағы уақытта Сырым ауданындағы балғындарға дәрігер ретінде тегін медициналық көмегімді бергім келеді. Елмен байланыс жасау – Қадырдың ұрпағы ретіндегі міндетім болар, ал туған жерге жәрдем беру, үлес қосу азамат ретіндегі парызым. – деді Сырым Қуанышұлы Мырза Әли.

Аудан әкімі бұл ұсынысты қуанышпен қабыл алып, аудандағы жұмыстарды ұйымдастыруға уәде берді. Ақынның немересі кейін Қадырдың ескерткішінің басында болып, суретке түсті.

Емделу былай тұрсын, ауылдағы ағайынға балалар неврологының кеңесін алудың өзі – машақат. Бұл тұрғыда, Сырым дәрігердің Сырым еліне үлкен көмегі тигелі тұр.