7,5 ШАҚЫРЫМ ЖОЛ АСФАЛЬТТАЛДЫ

7,5 ШАҚЫРЫМ ЖОЛ АСФАЛЬТТАЛДЫ

Кешегі аптада Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиев аудандық тұрғын – үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Тимур Айтқалиевпен бірге Шолақаңқаты ауылдық округіне барып, Тоғанас ауылына баратын кіреберіс жолдың орташа жөндеу жұмыстарымен танысты. Аудан әкімі нысанның басында мердігер «Айдана» ЖШС – ның директоры Армен Амирханянмен кездесті.

Құны 741 млн теңгеден асатын 11,2 шақырымдық жолдың жөндеу жұмыстары былтыр жазда басталған болатын. Армен Амирханянның айтуынша, бүгінде 7,5 шақырым жол асфальтталған. Ауыспалы тәртіппен жұмыстың қалған бөлігі биыл, нақтырақ айтсақ маусым айының соңына дейін аяқталмақ.

Кіреберіс жолдың округ үшін де, аудан үшін де стратегиялық маңызы бар. Біріншіден тақтайдай трасса тұрғындардың өмір сапасын арттырады, екіншіден округті инвесторлар үшін тартымды етеді. Төлеген Төреғалиев мердігерге жұмысты сапалы жүргізіп, уақтылы тапсыруды, жол – жөндеу жұмыстары кезінде табиғи ресурстарды бүлдірмеуді тапсырды.