БҰРҚЫРАП БҰЛАҚ ШЫҒЫП ЖЕР АСТЫНАН, ЖЫМПИТЫҒА СУ КЕЛДІ КЕҢАЩЫДАН!

БҰРҚЫРАП БҰЛАҚ ШЫҒЫП ЖЕР АСТЫНАН,  ЖЫМПИТЫҒА СУ КЕЛДІ КЕҢАЩЫДАН!
Сырым ауданында Жымпиты ауылын Кеңащы жер асты су кен орынынан сумен қамту құрылысы аяқталды. Кеше аудан орталығына салтанатты түрде су берілді. Шараға Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев қатысты.
- Ауылдардың инфрақұрылымын дамыту бағытында көптеген жұмыстар жасалып жатыр.
Биылдың өзінде Батыс Қазақстан облысында ауылдардың даму әлеуетін ашып, тұрмыс деңгейін арттыру үшін көп қаражат жұмсалды. Кеңащы су кен орынынан су тарту жобасы - осы мақсаттағы ауқымды жұмыстың бірі.
Сумен қамту – сырымдық ағайынның биліктің алдына көптен бері қойып жүрген талабы. біздің мойынымыздағы аманат еді. Тұрғындардың көкейінде жүрген үлкен мәселенің шешілгеніне халықпен бірге біз де қуанып тұрмыз. Осы жобаның жүзеге асуын қолдаған ҚР Үкіметі мен ауылшаруашылық министрлігіне, су ресурстары комитетіне алғыс білдіремін.
Кеңащыдан тартылған 77 шақырымдық магистральді су құбыры біріншіден, Жымпиты және Өлеңті ауылдарындағы жаз айларындағы су қысымының азаюы мәселесін шешеді деп ойлаймын. Данилл нүктесі күніне 500 текше метр су өндіретін болса, халық тұтыну үшін бұдан екі есе артық мөлшерде су керек болды. Кеңащы су кен орыны күніне 2000 текше метр су өндіруге қауқарлы. Екіншіден, жоба әлі жалғасады. Жобаның келесі кезеңінде, территориясында су қоры жоқ тағы 5 елді мекенге құбыр тартылады. Құжаттар дайындалып, сараптамаға ұсынылды. – деді өңір басшысы.
Ғали Есқалиев сөзінде мына мәселеге де назар аударуды сұрады:
- Суды үнемдеуге тиістіміз. Халыққа арналған таза суды мал суаруға пайдаланып жатамыз. Мүмкіндік болса, бөгеттерді қалпына келтіріп, жер асты су қорларын тауып, құдықтар қазып, мал суының мәселесін өз алдына бөлек шешуіміз керек. Ауыз суды малға беру - мемлекеттен бұрын, сол өңірдің өзіне үлкен зардап қой. Әрине, Кеңащы су кен орынының су қоры мол, дегенмен табиғат құбылыстары адамға бағынышты емес. Тіршілік нәрін рәсуә қылмай, мақсатты пайдаланайық. Үнемдемесек, су тапшылығы мәселесіне қайта тап боламыз.
Облыс басшысынан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әнуарбек Ғалымов жерлестерін тарихи оқиғамен құттықтап:
- Сырым ауданы үшін бүгін елеулі күн болды. Сапалы, таза, мол ауыз су келді. Ел біледі, бұған дейін ауыз судан таршылық көрмесек те, қиыншылық көрдік. Кеңащыдан келген су сол қиыншылықтан құтқарады деп ойлаймын. Әрине, мемлекет елге жағдай жасауға, тұрмыс деңгейін көтеруге міндетті. Десекте, әкім іскер болмай, іс жүрмейді. Осы жерде аудан тарихындағы ең ірі жобаны сәтті жүзеге асыруға жұмыстанған Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевтің іскерлігін, Парламенттегі депутаттардың қолдауын атап өткім келеді. – деді.
Су сору станциясындағы салтанатты батырма басу рәсімін Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев Әнуарбек Ғалымовпен бірге жасады.
Құны 2 миллиард 157 миллионды құрайтын Жымпиты ауылын Кеңащы су кен орынынан сумен қамту жобасы аудан үшін «ғасыр жобасына» баланып отыр. Жобаны «Мелиориатор» ЖШС 10 айдың ішінде жүзеге асырды. 77 шақырымдық су құбырына қоса, 17 шақырымдық электр желісі жүргізілген. Жұмыстарға 60 адам тартылды. Соның ішінде, 15 жұмысшы жергілікті жерден алынған. Шынымен де, бұл жоба Сырым өңірі үшін өте игілікті болғалы тұр. Облыс әкімі айтқандай, Жымпиты мен Өлеңтіге жеткен су, келесі кезеңде 5 елді мекенге, атап айтсақ ауыз су тапшылығын сезініп отырған Шағырлай, Бұлан, Жамбыл, Жырақұдық, Қособа ауылдарына «аттанады». Сырым аудандық сәулет, құрылыс және қала құрылысы бөлімінің басшысы Артур Искаковтың айтуынша, 7 ауылға су жеткізу арқылы барлығы 10 000 адам таза ауыз сумен қамтылады. Бұл аудан халқының 50 пайызын құрайды.
«Қазэкологияжобалау» ЖШС бас инженері Людмила Лебедевадан судың сапасы туралы сұрадық:
- Кеңащы су кен орынының басында 3 су ұңғымасы қазылған. Оның екеуі пайдаланылады. Біреуі қосалқы қор ретінде сақталады. Екі ұңғыма 1 сағатта 60 текше метр су өндіреді. Кеңащының суының құрамында темір көп. Өндірілген су екінші нүктедегі су сору станциясына келіп, толық тазартудан өтеді. Ауыз су сапасы барлық талаптарға жауап береді. – деді жобаның бас инженері.