Сырым ауданында құқық бұзушылықтың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар тұрақты бақылауда. Осы мақсатта аудан әкімдігі жанындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері жөніндегі комиссияның кезекті отырысында бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Жиынға Батыс Қазақстан Полиция департаментінің профилактика және үйлестіру басқармасының ерекше тапсырмалар бойынша аға инспекторы, полиция подполковнигі Әсел Антазиева онлайн қатысты.
Күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – ауылдық округтерде құқық бұзушылықтың алдын алу жұмыстарын жетілдіру. Отырыста осы бағытта атқарылып жатқан шаралар, кездесіп отырған проблемалық мәселелер, оларды шешу жолдары және мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын күшейту мәселелері талқыланды.
Сырым аудандық полиция бөлімінің бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Азамат Хасанов бөтеннің мүлкін ұрлау, оның ішінде мал ұрлығы қылмыстарының алдын алу мәселесі де назардан тыс қалмайтынын айтты. Бұл бағытта қабылданған шаралардың тиімділігі сараланып, құқық қорғау органдары мен жергілікті атқарушы биліктің бірлескен жұмысы қолға алынды. Аталған мәселе бойынша Жетіқөл ауылдық округінің әкімі Айдархан Рамазанов та сөз алды.
Комиссия отырысында жазғы демалыс кезеңінде оқушылар мен жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мәселесі де талқыланды. Жасөспірімдердің зиянды әдеттерге, оның ішінде есірткі заттарын пайдалануға жол бермеу мақсатында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде аудандық білім беру бөлімінің бас маманы Гүлнұр Қуанбаева хабарлама жасады.
Қоғамдағы құқықтық тәртіпті сақтау, қылмыстың алдын алу және жастар тәрбиесіне ерекше көңіл бөлу – баршаға ортақ міндет екені айтылды.
Жиын соңында аудан әкімі Жұмагелді Батырниязов мал ұрлығының алдын алу үшін малдарды бірдейлендіру, 11-ден кешкі уақытта кәмелетке толмағандардың заңды өкілінсіз жүрмеуі үшін полиция бөлімі, білім беру бөлімі, ауыл округ әкімдігі бірлесіп жұмыстануды тапсырды.