ДЕМАЛЫС КҮНДЕРІ САНИТАРЛЫҚ БЕКЕТ ҚОЙЫЛАДЫ

ДЕМАЛЫС КҮНДЕРІ САНИТАРЛЫҚ БЕКЕТ ҚОЙЫЛАДЫ

Сенбі, жексенбі күндері аудан шекарасына кіре берісте Тоғанас санитарлық бекеті қойылды. Аудан әкімі Төлеген Төреғалиев сенбі күні санитарлық бекетке арнайы барды. Сырым аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бастығы Ләззат Мұқанова:

– Батыс Қазақстан облысы бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 8 қарашадағы 33 қаулысына сәйкес жалпы облыс көлемінде, соның ішінде Сырым ауданының аумағында 14 қарашада бастап санитарлық пост ұйымдастырылуда. Санитарлық постың мақсаты – аудан аумағына кіруге, шығуға бақылау жасау. Пост сенбі, жексенбі күндері жұмыс жасайды. Мұнда аудандық аурухананың медициналық қызметкерлері, аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының маманы және полиция қызметкері көліктердің ауданға кіріп-шығуларын қатаң бақылайды. Санитарлық постан өткен жолаушылардың құжаттары тексеріледі. Сенбі, жексенбі күндері негізсіз ауданға келіп-кетуге тыйым салынған. Аудан халқының тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ететіндер, азық-түлік дүкен иелері, жұмыс орнынан анықтамасы болған жағдайда ауысымдық-вахталық жұмыста қызмет жасайтын жұмысшылар, жолдамалары болса, медициналық мекемелерге баратын тұрғындар, іссапар құжаты бар іссапарға жіберілген қызметкерлер посттан өткізіледі. Бекетте олардың дене температурасы өлшенеді. Егер, респираторлық белгілері болса, дереу жедел жәрдем шақыртылып, медициналық мекемеге жіберіледі. Коронавирус инфекциясын жұқтырғандармен қатынаста болған, үй карантиніндегі адамдарды өткізбеу де қатаң бақыланады. Бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің қаулысына сәйкес 23 қарашаға күшінде болады. Одан кейін эпидемиологиялық ахуалға байланысты шешіледі.

Аудан халқы демалыс күндері негізсіз жол жүрмеуі керек. Санитарлық бекет қойылған 14 қарашаға қараған түнгі 00.00 сағаттан сенбі күнгі түске дейінгі мезгілде 7 негізсіз жол жүрген көлік өткізілмей, кері қайтарылды, - дейді.