Ахмет Батыршин көз көрген ағайындар, әріптестері есінде ақжарқын көңілі, ортаның азаматы, білім - біліктілігімен танымал азамат - ты.
Танымал азамат деп айтуымыздың да өзіндік себебі мән - мағынасы бар.
Өйткені, Батыршаның Ахметі білікті ұстаз болуымен бірге қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылды.
Яғни, ол Жымпиты ауылдық округі әкімдігінің қоғамдық кеңесінің төрағасы, Сырым ауданы бойынша медиатор, М Есламғалиұлы атындағы орталық кітапхана жанындағы «Парасат жолы» орталығының белді мүшесі сынды саяси орталардан көрінді.
Ахмет Батыршаұлының соңғы қызметтік іздері қалған «Сырым колледжі» МҚҚК - ның ұжымы ол жылдарды сағынышпен еске алатындары бар.
Колледждің жастарына ақылшы ата ретінде дәріс берген Ақас үнемі жастарды Отанды сүюге, ұлттық салт - дәстүрді дәріптей білуге үндеп отыратын.
Ол сондай - ақ шешен сөздің зергері, суырып салма батагөй ақсақал ретінде де көпке танымал болды.
Осының бір дәлелі ретінде Ахмет Батыршин облыста өткізілген «Аталар сөзі - тәрбие көзі» атты бата сайысында бас жүлдегер атанған еді.
Міне, білікті ұстаз, қоғамдық жұмыстың жанашыры, аудандық «Сырым елі» қоғамдық - саяси газетінің штаттан тыс тілшісі ретінде әртүрлі салада, соның ішінде қазақтың салт - дәстүрін насихаттау бағытында бұрқырата жазған абзал аға бүгінде ортамызда жоқтығы қабырғаға батады.
Жоғарыда айтқандай Ахмет үнемі асығып жүруші еді.
Редакция табалдырығын да үнемі асыға аттап, әкелген мақаласын асыға біздерге тапсырып, соңынан хабарласармын, деп шығып кетуші еді
Осы әдеті оның қанына сіңгендей ол басқа мекемелерде де осы қалпында, асығып жүріпті.
Әлі есте, осыдан төрт жыл бұрын арда азамат Ахмет бұл өмірмен де тым ерте, асығыс жағдайда қоштасып кете барды.
Неге, неге ерте кеттің қайран Ахмет, әлі бергеніңнен берерің алда еді ғой деп соңында халқы, жан жары, ұрпағы аза тұтып қала барды.
Небәрі 70 жасқа толуын әріптестері, ағайын - тума бола атап өтіп, бір - ақ аптадан соң Ахастан айырылып қаламыз деп кім ойлаған?
Жалған дүние , қамшының сабындай қысқа өмір осы екен ғой.
Ахметтің соңында енді тек атқарған қызметтік іздері, жазған дүниелері ғана қалғандығына куәміз.
Ахмет жөнінде жан жары Дариға Аронқызының айтқан мына сөзі де әлі күнге дейін санада сайрап тұр.
«Ахмет үнемі асыға» аптыға жүруші еді, бұл соңы кездері жиі қайталанды.
Бір сәтте «Осы туған күніңді асықпай соңынан өткізсең де болады ғой кішкене жер аяғы кеңісін» дегенім бар
Ахас бұл сөзіме көнбеді, асығыс туған күнін өткізді де, аптадан соң ортамыздан кете барды ғой , - деді ол.
Иә сұм ажал осылайша өз дегенін істеп тынды.
Ахас бүгінде ортамызда болса сәуірдің 15 - де 74 жасқа толады екен.
Осыдан төрт жыл бұрын 70 жасын дүркіретіп өткізген Батыршаның арда ұлы Ахастың жүріп өткен жолын ғана еске алмастан басқа шара жоқ.