КӨГЕРІСТІҢ ЕРБОЛАТЫ - “БАЛА БАРЫСЫ - 2026!”

КӨГЕРІСТІҢ ЕРБОЛАТЫ - “БАЛА БАРЫСЫ - 2026!”
Орал қаласында “Бала барысы – 2026” атты қазақ күресінен ІІІ қалалық ашық турнир өтті.
Осы аламанда Сырым ауданы, Көгеріс ауылының жас өрені Ерболат Ғабдукаримов айды аспаннан бір шығарды. Алысқанның бәрін алып ұрған алып бала жаңа ғана “Бала барысы – 2026” белдігін беліне тақты.
“Қарақұнан Тана” лақап атымен бозкілемге шыққан батырды бала деуге ауыз бармайды. Мығым. Қайратты. Салмағы – 95 келі. Турнирдің ең ауыр балуаны да – осы Ерболат. Қарсылас шақ келтірмей, сенімді белдесулерімен көпшіліктің ықыласына бөленді.
Айды аспаннан шығарды деуіміздің жөні бар. Бұлдырты ауылдық округіне қарасты Көгеріс ауылында арнайы спорт залы жоқ. Балалар әуелде тойхана ретінде салынып, кейін жаттығу орнына бейімделген ғимаратта жаттығады. Қолда бары – кір тас, резеңке секілді қарапайым инвентарьлар ғана.
Соған қарамастан бапкер Темірлан Наурызбай ауыл балаларынан чемпион шығарып жүр. Еңбектің, табандылықтың, ауыл намысының жеңісі – осы.
Міне, енді “Бала барысы” да Көгерістен шықты.
Қуан, Сырым елі!
Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ,
“Сырым елі”